Биыл «Жұмысшы мамандықтар жылы». Президенттің бастамасымен қоғамда еңбекті құрметтеу және жұмысшы мамандықтарын дәріптеу идеясы кеңінен насихатталуда. «Маңғыстау өңірлік электртораптық компаниясы» АҚ-да тұрғындардың үздіксіз жарықпен қамтылуына күні-түні жұмыс жасайтын кәсіби мамандар көп. Солардың бірі, Мұнайлы аудандық өткізілім бөлімінде техник қызметін атқаратын жас маман Бауыржан Искараев. Ол жоғары оқу орнын аяқтаған соң өмірін энергетика саласымен байланыстырған.
Жас маман Мұнайлы ауданындағы заңды тұлғалармен жұмыс жасайды. Тұтынушыларға жедел әрі сапалы қызмет көрсетуді басты міндеті санайтын Бауыржанның жұмысы 08:30-да басталады. «Халықпен тікелей жұмыс жасап, пайдам тисе мен үшін соның өзі үлкен жетістік» дейді ол.
- Халықпен тікелей жұмыс істеймін. Жалпы заңды тұлғалармен жұмыс істейтін техниктің негізгі міндеті тұтынушыларға төлем құжаттарын алғаннан кейін бес күн ішінде жасалуы тиіс төлем қажеттілігі туралы хабарлау. Төлемеген жағдайда біз белгіленген мерзім аяқталғанға дейін берешекті өтеу туралы ұсыныспен хабарлама жібереміз. Уақытылы төлемеген жағдайда электр энергиясын беру тоқтатылады, - дейді Бауыржан Искараев.
Бауыржан Искараев 300-ге жуық заңды тұлғамен жұмыс жасайды. Әр дүкен, мекемеге түбіртекті уақытылы өзі апарып, қажет болған жағдайда төлем бойынша ескерту жасайды. Аудандағы кәсіп иелері оның жұмысын ерекше бағалайды.
- Мұнайлы ауданы 22 кварталдағы дүкен иесімін. Тұтынылған элекр энергиясы үшін уақытылы төлем жасаймыз. Бізге «Маңғыстау өңірлік электртораптық компаниясы» АҚ Мұнайлы аудандық өткізілім қызметі хабарласып, жарықты тексеріп тұрады. Мамандар әрқашан сыпайы, жұмыстарына ризамыз, - деді дүкен иесі Мадина Аяғанова.