
Көп жағдайда «МӨЭК» АҚ қызметкерлерінің сырт көзге қатаң көрінетін бейнесінің артында шығармашылыққа жақын жандар жатады. Солардың бірі — 38 жастағы Кенжеғұл Бекжанова. Ол бос уақытында он жылдан бері тігін тігумен және моншақтан түрлі әшекей бұйымдар жасаумен айналысып келеді.
Кенжеғұл Бекжанова «МӨЭК» АҚ-ның Ақтау қалалық өткізу учаскесінде үш жылдан астам уақыттан бері бақылаушы болып еңбек етеді. Жұмыстан тыс уақытта ол тігін тігуді, соның ішінде ерекше әсемдігімен көз тартатын күрделі моншақ бұйымдарын жасауды ұнатады.
Кенжеғұлдың айтуынша, бұл хоббиге ол бала кезінен әуес болған. Оның анасы құрақ көрпе тігіп, қолөнермен айналысқан, сол арқылы қызының шығармашылыққа деген қызығушылығын оятқан. Қазір оның шеберлігі жоғары деңгейге жеткен: кейде таныстары мен тапсырыс берушілер одан моншақтан жасалған әшекейлер немесе моншақпен безендірілген киімдерді арнайы тапсырыспен тігіп беруді өтінеді. Ол мұндай жұмыстарды қызметі мен үй шаруасының арасындағы бос уақытында орындайды.
Бақылаушының айтуынша, күрделі өрнектер мен түрлі-түсті моншақтардан тұратын әсем брошь жасау үшін шамамен екі сағаттай уақыт қажет. Сонымен қатар, ол бұйымдардың дизайнын өзі ойластырып, қажетті материалдарды да өзі таңдап сатып алады. Кенжеғұл үшін қолөнер — күнделікті қарбаластан бір сәт тынығып, ой сергітуге мүмкіндік беретін сүйікті іс.
Айта кету керек, Кенжеғұл Бекжанова 18 жылдан бері отбасылы, төрт баланың анасы. Оның екі ұлы мен екі қызы бар — жастары 17, 13, 4 және 2-де. Қыздары барлық мерекелік шараларға анасының қолынан шыққан ерекше киімдерді киіп барады. Олар да анасының қолөнеріне қызығушылық танытып, кейде оған көмектесіп тұрады.
Кенжеғұл Бекжанова болашақта балалары да осы шығармашылық дәстүрді жалғастырып, отбасылық өнер жолын өрістете түседі деп үміттенеді..




