
«МӨЭК» АҚ-ның 60 жылдығына орай «ҚКЖ» ЖШС құрамына кіретін компания энергетика саласының ардагерлерін еске алып, олардың кәсіпорынның қалыптасуына қосқан үлесін атап өтуде. Солардың бірі – 80 жастағы Жуков Аркадий Павлович. Ол кәсіпорында 20 жылдан астам еңбек етіп, сыйлы әрі білікті мамандардың біріне айналды.
Аркадий Павлович Самарқандта (Өзбекстан), Куропаткина станциясында дүниеге келген. Энергетиктің ата-анасы соғысқа қатысқан. Кейін отбасы Түрікменстанға көшіп, Аркадий сол жерде мектепті аяқтады. 1965 жылы Душанбе қаласындағы Тәжік политехникалық институтына оқуға түсіп, «Электр желілері мен жүйелері» мамандығы бойынша жоғары білім алды.
1995 жылы түрлі жағдайларға байланысты Аркадий Павлович Қазақстанға көшіп келді. Сол уақыттан бастап 2016 жылға дейін «МӨЭК» АҚ-да жұмыс істеді. Еңбек жолын Бозащы ЭЖА-інің басшысы қызметінен бастап, компанияның бас техникалық жетекшісі қызметіне дейін көтерілді.
Өзінің айтуынша, жұмыстағы ең қиын кезең 90-жылдарға сәйкес келген. Ол кезде энергетикамен қатар, басқа да салаларда қажетті техника мен мамандар жетіспеді.
«Қандай жағдай болса да, бізде жұмысқа деген ынта болды, бастамалар көп еді. Сондықтан қиындыққа қарамай, жұмысты жалғастырып, осы кезеңнен өттік», - деп еске алады ол күлімсіреп.
Ең жылы естеліктері туралы айтқанда, энергетика ардагері МӨЭК-тегі ұйымшыл ұжымды ерекше атап өтті. Ол үшін Актау – Бозащы желілерін 110-нан 220 кВ-қа ауыстыруға қатысуы және жаңа трансформаторларды іске қосу – үлкен мақтаныш.
Сондай-ақ маман элегазды ажыратқыштарға ерекше тоқталды. Маңғыстаулық энергетиктер мұндай құрылғыларды Қазақстанда алғашқылардың бірі болып жұмысқа енгізген.
«Өткен жылдар мен қазіргі уақытты салыстыру қиын. Бірақ қазір энергетика саласындағы көптеген жабдықтың автоматтандырылғанын, білікті мамандардың көбейгенін байқадым. Бұл жағынан «МӨЭК» АҚ заман талабына сай дамып келеді», - дейді ол.
Аркадий Павловичтің пікірінше, энергетикке ең алдымен сабырлылық, салқынқанды ойлау және жинақылық қажет.
«Жас энергетиктерге ең алдымен қауіпсіздік техникасы ережелерін жақсы оқып, оны сақтауға кеңес беремін. Сонымен қатар адамдармен дұрыс жұмыс істей білуге де көңіл бөлу маңызды», - дейді ол.
«МӨЭК» АҚ-дағы еңбек жылдарын еске алған ардагер ештеңені өзгерткісі келмейтінін айтады. Өйткені бұл жұмыс оған тәжірибе жинап, дамуға мүмкіндік беріп, үлкен қуаныш сыйлаған.
«МӨЭК маған энергетика саласына жол ашты. Өзімнің ұжымымда білікті адамдармен бірге жұмыс істегеніме қуаныштымын. Компанияға өркендеу тілеймін!», - деді ол.
Аркадий Павловичтің жұбайы да энергетика саласында жұмыс істеген. Ерлі-зайыпты институтта оқып жүрген кезде танысқан және бірге 56 жыл өмір сүрген. Отбасында екі ұл дүниеге келіп, олар ата-анасына екі немере мен бір жиен қыз сыйлаған. Қазір энергетиктің бір шөбересі де бар.
Жасына қарамастан, Аркадий Жуков әлі де белсенді. Қазір ол энергетика саласында жұмысын жалғастырып жүр. Атап айтқанда, электр қауіпсіздігі бойынша емтихан қабылдайтын, зертханалық жұмыстар мен жоғары кернеулі сынақтар өткізетін сараптама ұйымында еңбек етеді.
Маманның хоббиі де бар. Ол сурет салады. Бұған дейін балық аулауды және суретке түсіруді ұнатқан. Сонымен қатар Аркадий Павлович жағалауда серуендегенді және Каспийде жүзгенді жақсы көреді.
«Шаршағанымды сезінбеймін. Керісінше, жұмысқа мерекеге барғандай барамын. Адамдармен араласу, жаңа адамдармен танысу мені қатты қуантады. Менің ойымша, еңбек адамға өмір береді», - деп сөзін қорытындылады ол.
Жуков Аркадий Павловичтің энергетика саласындағы жалпы еңбек өтілі 2026 жылғы қыркүйек айындағы жағдай бойынша 62 жылды құрайды.





