ЗАМАНМЕН ҮНДЕС: «МӨЭК» АҚ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІ ОҚЫТУДА ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТТІ ПАЙДАЛАНУДА

«МӨЭК» АҚ қызметкерлерді оқыту жүйесіне заманауи технологияларды енгізіп, біліктілікті арттырудың тиімді тәсілдерін кеңінен қолдануда.

Осы мақсатта Корпоративтік оқу орталығында өрт-техникалық минимум бағдарламасы бойынша оқу сабағы өтті. Мұндай оқыту қызметкерлердің өрт қауіпсіздігі саласындағы білімін жетілдіруге бағытталған.

Оқу материалын жеңіл әрі қызықты меңгеру үшін сабақ жасанды интеллект көмегімен әзірленген квиз форматындағы ойын түрінде ұйымдастырылды.

 

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Президент атап өткендей, бұл бастама еліміздің технологиялық дамуын жеделдетіп, жасанды интеллектіні экономиканың барлық саласына кеңінен енгізуге жол ашады. Осыған байланысты Корпоративтік оқу орталығының бастамасымен оқу үдерісіне жасанды интеллект құралдарын кезең-кезеңімен енгізіп келеміз. Соның бірі – өткен тақырыптарды қайталап, емтиханға дайындалуға арналған AI негізіндегі квиз ойыны. Бүгін сіздер осы форматтың қалай өтетінін көрдіңіздер», – деді «МӨЭК» АҚ кадрларды даярлау жөніндегі инженері Жансая Нұрсейтова.

Оның айтуынша, квиздің басты артықшылығы – ол тек білімді бағалап қана қоймай, қызметкерлердің сабаққа деген қызығушылығын арттырады.

«Ойын барысында көшбасшылар кестесі көрсетіліп тұрады. Онда үздік үш қатысушының нәтижесі бірден көрінеді. Бұл қатысушылар арасында достық бәсекелестік қалыптастырып, олардың белсенділігі мен білім алуға деген ынтасын күшейтеді», – деді Жансая Нұрсейтова.

Осылайша, жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану арқылы «МӨЭК» АҚ оқу үдерісін заман талабына сай, интерактивті әрі тартымды форматта ұйымдастырып, оқытудың тиімділігін арттыруда.

Сонымен қатар, әрбір сабақ аяқталғаннан кейін қызметкерлер арнайы емтихан кабинетінде тест тапсырады. Бұл олардың алған білімін бекітіп, оқу нәтижесін бағалауға мүмкіндік береді.

Оқудан өткен қызметкерлер жаңа оқыту тәсілінің тиімділігіне оң бағасын берді.

«Оқу өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Сабақ барысында компьютерлік технологиялар мен жасанды интеллект кеңінен қолданылады. Барлығы заман талабына сай. Оқытушылар материалды түсінікті әрі қолжетімді жеткізеді. Осындай жұмыстарыңызға алғыс айтып, алдағы уақытта да толағай табыстар тілеймін», – деді «МӨЭК» АҚ арнайы техника жүргізушісі Қуаныш Сағындықов.