ТРАВМАТИЗМСІЗ ӨТКЕН 965 КҮН: ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІ — «МӨЭК» АҚ-НЫҢ БАСТЫ ПРИОРИТЕТІ

Өндірістік травматизмнің болмауы — еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету бойынша жүйелі әрі жоспарлы жұмыстың нәтижесі. «МӨЭК» АҚ бұл бағытқа ерекше көңіл бөледі.

2023 жылдың желтоқсан айынан бастап бүгінгі күнге дейін ҚКЖ компаниялар тобына кіретін «МӨЭК» АҚ-да өндірісте бірде-бір жазатайым оқиға тіркелген жоқ. Осылайша, компания травматизмсіз 965 күнге жетті.

Компанияда атап өткендей, басты міндет — сенімді әрі апатсыз жұмысты қамтамасыз ету, қызметкерлер үшін қауіпсіз әрі сау еңбек жағдайларын жасау, сондай-ақ қоршаған ортаға тиетін кері әсерді барынша азайту.

«Қауіпсіздік тұрғысынан мінсіз күн — бұл «МӨЭК» АҚ-ның барлық қызметкерлері үйлеріне, отбасыларына аман-есен оралатын, ешқандай апат орын алмайтын және біздің қызметіміз қоршаған ортаға зиян келтірмейтін күн», — деді «МӨЭК»  АҚ Қауіпсіздік және еңбекті қорғау қызметінің бастығы Шабай Нұримов.


Әрбір кезеңдегі бақылау

«МӨЭК» АҚ-да жыл сайын өндірістік травматизмнің алдын алу бойынша іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітіледі. Мұнымен қоса, ай сайын Қауіпсіздік техникасы күндері өткізіліп тұрады.

Бекітілген кестеге сәйкес, мамандар жұмыс орындарын аралап, тексеру жүргізеді. Бұзушылықтар анықталған жағдайда тиісті актілер толтырылып, оларды жою үшін нұсқамалар беріледі.

Жөндеу науқаны басталғанға дейін жыл сайын өндірістік бригадаларды аттестаттау жүргізіледі. Сондай-ақ компанияда өндірістік тапсырмаларды қауіпсіз орындаудың бес қадамын көздейтін «Жұмыс басталғанға дейінгі нұсқаулық» ережесі әрекет етеді. Қызметкерлердің міндетіне ЖҚА — жұмыс қауіпсіздігін талдау бланкісін толтыру кіреді.

««МӨЭК» АҚ-да жыл сайын өндірістік жұмыстар басталғанға дейін қызмет басшыларына кәсіби тәуекелдерді бағалау және басқару бойынша оқыту жүргізіледі. Сонымен қатар, персоналдың қауіпсіздік техникасы ережелері мен еңбекті қорғау нормаларының талаптарын сақтауын тексеру мақсатында жұмыс орындарын жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер өткізіліп тұрады», — деді «МӨЭК» АҚ Қауіпсіздік және еңбекті қорғау қызметінің еңбекті қорғау жөніндегі инженері Әділхан Жұмамұрадов.
 

Қауіпсіздік дайындықтан басталады

Еңбекті қорғау бойынша басым іс-шаралардың қатарында қызметкерлерді міндетті медициналық тексеруден өткізу, арнайы киімнің жай-күйі мен пайдаланылуын бақылау, сондай-ақ аудандық электр желілері мен өндірістік бөлімшелер аумағының экологиялық жағдайын тексеру бар.

Қызметкерлерге қауіпсіздік және еңбекті қорғау мәселелері бойынша нұсқау беруге ерекше көңіл бөлінеді. Жұмысшылар кіріспе, жұмыс орнындағы алғашқы және қайталанатын нұсқаулықтардан өтеді. Қажет болған жағдайда жоспардан тыс және мақсатты нұсқаулықтар өткізіледі.

Қосымша бақылау үшін 2023 жылдан бастап компанияда мессенджерде арнайы чат құрылған, онда жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ақпарат орналастырылады. Бұл жедел қашықтықтан бақылауды жүзеге асыруға және жауапты қызметкерлерді уақтылы хабардар етуге мүмкіндік береді.

«МӨЭК» АҚ-да қауіпсіздік — бұл тек нұсқаулықтар мен талаптарды сақтау ғана емес, сонымен бірге әрбір қызметкердің жеке жауапкершілігі екенін баса айтады.

««МӨЭК» АҚ қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған процестерді жетілдіруді жалғастыруда. Қауіпсіздік және еңбекті қорғау қызметі сау әрі қауіпсіз еңбек жағдайларын жасауға бағытталған түрлі іс-шараларды өткізеді. Біздің басты мақсатымыз — қызметкерлердің еңбек жағдайларын жақсарту және әрбір қызметкер жүктелген тапсырмаларды орындауға жауапкершілікпен қарайтын саналы өндіріске қарай ұмтылу», — деді Шабай Нұримов.