
Қазіргі заманда энергия – жайлылықтың, дамудың және қауіпсіздіктің негізі. Әрбір жанған шамның, әрбір істеп тұрған құрылғының артында ондаған маманның еңбегі жатыр. Сол мамандардың бірі әрі шын мәнінде өз ісінің көзге көрінбейтін қаһарманы – Тулеуова Мауе Саясатқызы.
Мауе Саясатқызы үшін энергетика жай ғана мамандық емес, өмір салтына айналған. Ол «Маңғыстау өңірлік электр тарату компаниясы» АҚ-да («МӨЭК» АҚ) 20 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Өз еңбек жолын контролёрдан бастап, қазіргі таңда Өзен ЭЖА-ның жетекші іске асыру инженері қызметіне дейін жетті. Жалпы энергетика саласындағы еңбек өтілі – 23 жыл. Бүгінде ол сенімді түрде айта алады: «Бұл – менің өмірлік ісім».
Мауе Төлеуованың кәсіби жолы «МӨЭК» АҚ-да жұмысқа кіріспей тұрып-ақ басталған. 1980 жылы Түрікменстандағы Красновод облысының №2 мектебін бітірген соң бірден еңбекке араласты. Бастапқы кезден-ақ қоғам үшін маңызды әрі сенімді сала – энергетикаға қызығушылық танытып, осы бағытта еңбек етіп келеді. 1999 жылы Мауе Саясатқызы Маңғыстау облысына қоныс аударып, 2002 жылы «МӨЭК» АҚ ұжымына контролёр болып қабылданды. Еңбексүйгіштік, табандылық пен техникалық сауаттылық оны алға жетелеп, мансаптық өсуіне жол ашты. Қазір ол – жауапты қызмет атқарып жүрген жетекші инженер.
«Энергетик мамандығы – көзге көрінбейтін, бірақ өмір үшін аса маңызды ресурсқа жұмыс істеу. Біз жарық, жылу мен тұрақтылықты қамтамасыз етеміз. Бұл – жай ғана сымдар мен құрал-жабдықтар емес, бұл – үйлерге, мектептерге, ауруханаларға, кәсіпорындарға энергия айдайтын жүрек. Бұл – үлкен жауапкершілік және сонымен қатар ішкі мақтаныштың қайнары», – дейді Мауе Саясатқызы.
Оның айтуынша, бұл салада табысты болу үшін тек білім жеткіліксіз. Мұнда мұқияттылық, тәртіп, жауапкершілік және жедел шешім қабылдау қабілеті маңызды. Ең болмашы қателіктің өзі бүкіл жүйеге әсер етуі мүмкін. Энергетикада ұсақ-түйек болмайды – бәрі өзара байланысты, әрбір маман ортақ жүктің үлесін көтереді.
Энергетика дәстүрлі түрде ер адамдардың саласы саналғанымен, Мауе Төлеуова бұл салада өз орнын сенімді түрде тапты. Ол кәсіби бедел мен құрмет жынысқа емес, кәсібилікке, табандылыққа және өз ісіңе деген махаббатқа байланысты екенін атап өтеді.
«Мен әрқашан өзімді сенімді сезіндім, тіпті ұжымда ер адамдар басым болса да. Ең бастысы – өз ісіңді сапалы атқару. Егер сен не істеп жатқаныңды білсең және міндеттерді шеше алсаң – саған құлақ асады, сенімен санасады», – дейді ол.
Бүгінде Мауе Саясатқызы саланың өзгерісіне қызығушылықпен қарап отыр. Оның пікірінше, энергетиканың болашағы – таза энергия көздерінде. Күн мен жел электр станциялары, жаңа тарату және сақтау технологиялары – бұлардың барлығы электр қуатын қолжетімді әрі экологиялық етеді. Дегенмен, басты қағида өзгермейді: дәлдік пен сенімділікке қойылатын жоғары талаптар сақталады.
Жұмыстан тыс уақытта Мауе Төлеуова – мейірімді ана, әже және үлкен, берекелі отбасының тірегі. Ол – төрт баланың анасы, бүгінде бәрі өз отбасыларымен өмір сүруде. Сонымен қатар, он үш немеренің сүйікті әжесі.
«Мен жұмыс уақытын және жеке өмірді нақты бөліп қарастырамын. Жұмыста толығымен инженерлік міндеттерге назар аударамын, ал бос уақытымда барынша отбасым мен демалысыма көңіл бөлемін. Дұрыс жоспарлау мен өзін-өзі тәртіпке салу – тепе-теңдікті сақтаудың кепілі», – дейді ол.
Мауе Төлеуованың тарихы – бұл тек кәсіби жол емес, сонымен бірге техникалық салада жетістікке жетіп, жұмыс пен жеке өмір арасында тепе-теңдікті сақтай отырып, өз ісінен шынайы бақыт таба білген әйелдің шабытты оқиғасы.
Ол – тәжірибе мен даналықтың, қатаңдық пен жұмсақтықтың, инженерлік нақтылық пен адами жылылықтың үйлесімі. Осындай мамандар саланы сенімді, тұрақты етіп қана қоймай, оған адами бейне сыйлайды.





