САЙН ШАПАҒАТОВ АУЫЛЫНДА ЖАҢА ҚОСАЛҚЫ СТАНЦИЯ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

Биыл ауыл тұрғындарын электрмен жабдықтау сапасын жақсарту үшін «Маңғыстау өңірлік электртораптық компаниясы» АҚ Маңғыстау облысының Түпқараған ауданындағы Сайн Шапағатов ауылы маңында жаңа қосалқы станция мен электр беру әуе желісін салу бойынша ауқымды жобаны іске  асыруда.

Сайн Шапағатов ауылы Ақтау қаласынан 30 шақырым жерде орналасқан. Мұнда 10 мыңға жуық ауыл тұрғыны тұрады.

Бекітілген Инвестициялық бағдарламаны іске асыру шеңберінде жобаның құны төрт миллиард теңгеден асты.

Жаңа қосалқы станцияны салу қазіргі уақытта қажеттілік болып табылады. Қазіргі уақытта Сайн Шапағатов ауылының тұтынушыларын электрмен жабдықтау ҚС-110/10 кВ «Ақшұқыр» және ҚС-110/10 кВ «Әуежай» екі қосалқы станцияларынан жүзеге асырылады. Шағын және орта бизнес кәсiпорындарының дамуына, жаңа тұрғын үй секторларының құрылысына, әлеуметтiк-тұрмыстық мақсаттағы объектiлердiң iске қосылуына байланысты ауылда электр жүктемесiнiң өсуi байқалады. Осыған байланысты «МӨЭК» АҚ жаңа қосалқы станция салу туралы шешім қабылдады. Аталған энергия нысаны ауыл тұрғындарының электр энергиясына деген ағымдағы қажеттілігін толығымен жабып қана қоймай, болашаққа арналған энергетикалық қуаттар резервін қалыптастырады.

«МӨЭК» АҚ Дамыту басқармасының бастығы Мұрат Иманов жыл соңына дейін орындалған және жоспарланған жұмыстар туралы айтып берді.

- «Дунга» ҚС-110/35/6 кВ қосалқы станциясынан бастап ұзындығы 23 км-ге жуық жаңа қосалқы станцияға дейінгі 35 кВ жаңа әуе электр беру желісінің құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта 94 темірбетон тірек орнатылды. Сонымен қатар, металл тіректерге 148 іргетас орнатылды, оның ішінде 37 тіректің 15-і жөнделді. 116 ригельдiң 100-i орнатылған. Қосалқы станцияларда темір бетон қоршаулар, май жинағыш құдықтар орнатылып, трансформаторлар үшін іргетастар орнатылды. УСО-ны гидроизоляциялау, жарықтандыру діңгектерінің астына шұңқыр қазу және қосалқы станцияның ішінде жерге тұйықтау үшін орлар жасау жұмыстары жүргізілуде, - деп бөлісті Мұрат Иманов.

«МӨЭК» АҚ энергетиктері жаңа қосалқы станцияда озық халықаралық стандарттарға сәйкес келетін заманауи жабдық орнатылатынын атап өтті. Жоба бойынша мұнда 2х10 МВА қуат трансформаторлары қарастырылған.

Сондай-ақ, энергия объектісінде деректерді «МӨЭК» АҚ өңірлік орталығының диспетчерлік қалқанына бере отырып, қосалқы станцияны басқару және мониторинг жүйесі көзделетін болады. Бұл нақты уақыт режимінде жедел ақпаратты, телеөлшеулердің ағымдағы мәндерін, коммутациялық аппараттардың жағдайын көрсетуге, сондай-ақ желінің жай-күйін бағалауға мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде электр энергиясын бөлу мен тұтынудың нақты есебін жүргізуге мүмкіндік береді.