
Энергетикада кездейсоқ адамдар жоқ. Мұнда жауапкершілікті жоғары вольтты желі сияқты берік ұстай алатындар қалады. Рахия Тәшімова «МӨЭК» АҚ электр энергиясын талдау және өткізу бөлімінің басшысы. Энергия саласында 30 жылдан астам уақыт бойы адал еңбек етіп, күн сайын жарық пен қуатты халыққа жеткізуге үлес қосып келе жатқан білікті мамандардың бірі.
Оны жүйенің, тәртіптің және сөздің адамы деп атайды. Бірақ лауазымдардың артында инженерлік есептің дәлдігін адамдық жылылықпен ұштастыра білген жанның шынайы өмір жолы жатыр.
Рахия Еркінқызы 1969 жылдың 31 қаңтарында дүниеге келген. 1986 жылы Өзбекстан Республикасының Нукус қаласындағы мектепті бітірді. Рахия Тәшімова энергетиктің еңбегін құрметтейтін отбасында өскенін атап өтті.
«Бала кезімде мен энергетик боламын деп ойламадым. Ол кезде армандар мүлдем басқа болатын. Бірақ біздің үйде жұмыс туралы әңгіме жиі айтылатын — электр желілері, қосалқы станциялар жайлы сөз қозғалып тұратын. Әкем де, нағашым да энергетика саласының мамандары еді.Мен олардың өз істеріне қаншалықты құрметпен қарайтынын көрдім», - деп еске алады ол.
Рахия Еркінқызының мамандық таңдауына әкесінің ықпалы айрықша болды.
«Оның тәжірибесі мен жұмысқа деген көзқарасы мен үшін бағдар болды. Әкемнің кәсіби көзқарасын бақылай отырып, мен өз қызметімді энергетикамен байланыстыруды шештім. Сол кезде мен энергетика стратегиялық, таптырмас сала екенін түсіндім. Онсыз бірде-бір қала, бірде-бір кәсіпорын жұмыс істемейді», - дейді Рахия Тәшімова.
1986 жылы мектептен кейін ол Ташкент мемлекеттік техникалық университетіне «Электр желілері мен жүйелері» мамандығы бойынша энергетика факультетіне түсіп, 1991 жылы сәтті бітірді.
Бүгінгде Рахия Еркінқызы энергетикада 35 жылдан бері жұмыс істейді, оның 22 жылын «МӨЭК» АҚ -ға арнады және әлі күнге дейін өзінің алғашқы жұмыс күнін жылулық пен толқумен еске алады.
«Электр энергиясын сату бөліміндегі алғашқы күнім әлі есімде. Әрине, толқу болды. Бірақ ұжым өте жылы қарсы алды. Тәжірибелі әріптестер мені бірден қамқорлығына алып, бар білгенін үйретті. Бұл шын мәнінде үлкен отбасы сияқты еді. Еңбек жолының басындағы атмосфераның маңызы өте зор. Қасымда бағыт-бағдар беретін тәлімгерлер болғандықтан, айтарлықтай қиындықтарды сезінбедім. Энергетика саласында жалғыз жұмыс істеу мүмкін емес — бұл нағыз командалық еңбек», - деп атап өтті ол.
2004 жылдан бері Рахия Тәшімова «МӨЭК» АҚ компаниясында еңбек етіп келеді. Осы уақыт ішінде ол инженер қызметінен бастап басшылық лауазымға дейінгі барлық кәсіби сатылардан өтті. Бүгінде ол компанияның ең маңызды құрылымдық бөлімдерінің бірі — электр энергиясын талдау және өткізу бөлімін басқарады.
«Мен үшін жұмыс процесіне өз үлесімді қосып, сонымен бірге әріптестеріммен достық қарым-қатынасты сақтай білу маңызды — дәл осы сенім мен бірлік ортақ мақсаттарға жетуге көмектеседі. Энергетик болу — адамдардың өмірі үздіксіз, қалыпты жүріп тұруы үшін үнсіз еңбек ететін жан болу. Біздің жұмыс көбіне көзге көрінбейді, бірақ сол үлкен жүйенің маңызды бір бөлшегі», - деп атап өтті Рахия Тәшімова.
Рахия Еркінқызы энергетика саласы дәстүрлі түрде ер адамдар көп жұмыс істейтін мамандық саналғанымен, ол үшін бұл шектеу емес, керісінше өз мүмкіндіктерін көрсетуге берілген мүмкіндік екенін атап өтті.
«Бұл салада адамның жынысына емес, кәсібилігіне, жауапкершілігіне және энергиямен жұмыс істеу қабілетіне мән беріледі. Әрине, кейде стереотиптер мен алдын ала қалыптасқан пікірлер кездесіп жатады. Бірақ ондай жағдайларда тәжірибе, жеке қасиеттер мен ұжымның қолдауы көмектеседі. Көп жағдайда әр маман өз біліктілігін іс жүзінде дәлелдеуі керек, ал уақыт өте келе құрмет өздігінен қалыптасады. Мен үшін табысты энергетик — бұл мұқият, ізденімпаз, жауапкершілігі жоғары, сабырлы инженер. Ол адамдармен де, тұтас қаланың немесе елдің өміріне әсер ететін күрделі жүйелермен де жұмыс істей білуі тиіс», — дейді ол.
Сүйікті кәсібінен бөлек, Рахия Тәшімованың әрдайым қолдау көрсететін ұйымшыл отбасысы бар.
«Отбасым — менің ең үлкен тірегім. Солардың арқасында жұмысымда да, өмірімде де үйлесім сезінемін. Егер басымдықтарды дұрыс қоя білсең, кәсіби тұрғыда да нәтижелі болып, отбасыңмен де бірге болуға болады», — дейді ол.
Жұмыстан тыс уақытта да Рахия Еркінқызы өзін дамытуға ұмтылады. Ол білімін жетілдіріп, жақында ағылшын тілін дамыту үшін Speaking Club сабақтарына қатыса бастаған.
«Мен үшін алға ұмтылып, дамып отыру маңызды. Ағылшын тілін тәжірибеден өткізіп, ойымды еркін жеткізуге үйреніп жүрмін. Ал бос уақытымда тамақ пісіргенді жақсы көремін — бұл менің демалып, жақындарымды қуантудың бір жолы», — деп бөлісті ол.
Көпжылдық еңбегі, кәсіби шеберлігі және энергетика саласының дамуына қосқан үлесі үшін Рахия Еркінқызы бірнеше мәрте салалық марапаттарға ие болған. Оның кәсібилігі мен салаға қосқан үлесі жоғары бағаланып, ол «Қазақстан Электр энергетикалық қауымдастығының Құрметті энергетигі» атағымен марапатталды. Бұл — энергетика саласының үздік мамандарына ғана берілетін жоғары құрмет.
Әңгіме соңында Рахия Еркінқызы жас мамандарға, әсіресе осы саланы таңдаған қыз-келіншектерге өз кеңесін айтты.
«Білімдеріңізге сеніңіздер және үнемі дамуға ұмтылыңыздар. Стереотиптердің жолдарыңызды бөгемеуіне жол бермеңіздер, әріптестерден кеңес сұраудан ұялмаңыздар. Энергетика жолын таңдаған әйелдерге техникалық білімдерін нығайтып, мұқият әрі жауапты болуды және өз мансаптарын сенімді түрде құруды тілеймін. Мен үшін энергетика — адамдардың өмірін жайлы әрі қауіпсіз ететін, күрделі міндеттерді шешуге мүмкіндік беретін ерекше сала. Бұл — энергиямен жұмыс істеу, әрі тура, әрі ауыспалы мағынада».
Жарық сыйлайтын әйел — бұл жай ғана метафора емес. Бұл — күн сайынғы еңбек, жауапкершілік, есеп пен шешімдерден тұратын, көп жағдайда көзге көрінбейтін жұмыс. Рахия Тәшімова — қаланың тұрақты тыныс-тіршілігін қамтамасыз етіп отырған мамандардың бірі. Сол тұрақтылық ырғағында оның да дәл есептелген, сенімді әрі шынайы жарық энергиясы бар.




