
Маңғыстау облысының энергетиктері күн сайын халықтың өмірін әртүрлі бағытта жақсартуға атсалысып келеді. ККЖ компаниялар тобына кіретін «МӨЭК» АҚ-ның бірқатар маманы бірнеше жылдан бері қан доноры болып, түрлі ауруға шалдыққан адамдарға көмектесіп жүр.
Солардың қатарында Берекет Каунов пен Нұрхат Медебаев бар.
24 жастағы Берекет Каунов – метрология қызметінің электрмонтері. Кәсіпорында 2024 жылдан бері еңбек етеді. Жұбайымен бірге қызы мен ұлын тәрбиелеп отыр. Мамандығына қоса, екі жылға жуық уақыттан бері қан доноры болып келеді. Ер адамның айтуынша, донор болуына жол-көлік оқиғасына байланысты болған қайғылы жағдай себеп болған.

«Апаттан кейін туыстарыма қан тапсырдым. Кейін дәрігерлер менің қан тобымның III топ екенін және оны «әмбебап» деп атауға болатынын айтты. Яғни, қаным арқылы көбірек адамға көмектесе алады екенмін. Қазір облыстық Қан орталығынан шақырту алып тұрамын. Осы мақсатта әр үш ай сайын медициналық мекемеге барып, қан тапсырамын», - деді Берекет.
Электромонтер бұл жақсы дәстүрдің отбасында да жалғасып жатқанын айтты. Берекет Кауновтың сөзінше, қазір әкесі де халыққа көмектесу үшін қан тапсырады.
43 жастағы Нұрхат Медебаев «МӨЭК» АҚ-да РЗА бойынша жетекші инженер болып 19 жылдан бері еңбек етеді. Қоғамға пайдасын тигізу ниеті оны да донор болуға алып келген. Үш баланың әкесі төрт жылдан бері қан доноры.

«Алғашында дәрігерлер денсаулыққа пайдалы екенін айтып, қан тапсыруға кеңес берді. Кейін адамдарға көмектесе алатынымды түсіндім. Соңғы уақытта облыстық Қан орталығының шақыртуымен тромбоцит тапсырып жүрмін», - деді Нұрхат Медебаев.
Берекет Каунов пен Нұрхат Медебаевтың айтуынша, олардың отбасылары мен жақындары бұл бастамаларын қолдайды. Туыстары мен таныстары қиын жағдайға тап болған маңғыстаулықтардың өмірін сақтап қалуға медицина қызметкерлеріне осылайша көмектесетіндерін құрметпен қабылдайды.