
Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданындағы Оңды ауылында электрмен жабдықтаудың сенімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған маңызды жоба жүзеге асырылды. Елді мекенде жаңа 35/10 кВ электр қосалқы станциясы іске қосылып, тұрғындарды тұрақты әрі сенімді электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік туды.
Жаңа энергонысанның жұмысымен сапар барысында Маңғыстау ауданының әкімі Ғалымжан Ниязов және «Маңғыстау өңірлік электртораптық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Қасымхан Сыздықов танысты.
35/10 кВ қосалқы станциясының іске қосылуы Оңды ауылындағы электрмен жабдықтау жүйесінің тұрақтылығын арттырып, тұтынушыларға электр энергиясын сенімді жеткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жаңа нысан елді мекеннің электр желілері инфрақұрылымын одан әрі дамытуға қажетті жағдай қалыптастырады.
Жұмыс сапары барысында жауапты сала өкілдерімен бірге Маңғыстау ауданындағы электр желілері инфрақұрылымын дамыту, оның сенімділігін арттыру және алдағы кезеңде жүзеге асырылатын жұмыстардың негізгі бағыттары талқыланды.
Бұл бағыттағы жұмыстар «Қазақстан коммуналдық жүйелері» тобына кіретін «Маңғыстау өңірлік электртораптық компаниясы» АҚ-ның өңір тұрғындарын сенімді электрмен жабдықтауды қамтамасыз ету және электр желілерінің тұрақтылығын арттыру бойынша жүйелі жұмысының бір бөлігі.