ОҚУШЫЛАР «МӨЭК» АҚ-НА ЭКСКУРСИЯҒА БАРДЫ

Ақтау қаласындағы №6 мектептің 9-сынып оқушылары өңірдегі маңызды салалардың бірі – энергетиканың жұмысымен танысуға мүмкіндік алды. «МӨЭК» АҚ-на ұйымдастырылған танымдық экскурсия жасөспірімдер үшін заманауи технологиялар мен жұмысшы мамандықтар әлеміне терең үңілуге жол ашты.

Кәсіпорынмен танысу корпоративтік оқыту орталығында басталды. Мұнда оқушыларға қауіпсіздік техникасы бойынша міндетті нұсқама өткізілді. Мамандардың айтуынша, энергетика – білім мен тәртіпке негізделген, жауапкершілігі жоғары сала.

Экскурсия барысында оқушылар кәсіпорынның негізгі нысандарын аралады. Солардың ішінде ерекше әсер қалдырған орындардың бірі – сынақ қызметінің химиялық зертханасы. Мұнда олар мамандардың жабдықтың жағдайын саралап, тұрақты бақылауда ұстайтынын көрді. Сондай-ақ электрмен үздіксіз қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын «ПТФ-35/6 кВ» қосалқы станциясы да оқушылардың қызығушылығын тудырды.

Оқушылардың айтуынша, экскурсия ерекше әсер қалдырған:

«Бізге өте ұнады. Энергия жүйесінің қалай жұмыс істейтінін өз көзімізбен көру көптен бергі арманымыз еді. Мамандардың өңірдің энергия жүйесін қалай басқарып, оның тұрақтылығын қалай қамтамасыз ететінін білу өте қызықты болды», – дейді қатысушылар.

Мұндай кездесулер жасөспірімдердің таным көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, қоғам өмірінде маңызды орын алатын жұмысшы мамандықтарына деген көзқарасын өзгертеді. Көптеген оқушылар алғаш рет болашағын энергетика саласымен байланыстыруы мүмкін екенін ой елегінен өткізді.

Корпоративтік оқыту орталығының басшысы Елимай Қозыбағарқызының айтуынша, мұндай іс-шаралардың негізгі мақсаты – жұмысшы мамандықтарының маңызын көрсету және кәсіби даму мүмкіндіктерін таныстыру:

«Біз оқушыларды заманауи өндіріс үдерісімен таныстырып, олардың болашағына бағыт-бағдар беруге тырысамыз. Осындай экскурсиялар техникалық мамандықтарға қызығушылықты арттырып, жастарға жаңа мүмкіндіктер ашады».