МӨЭК «ҮЗДІК КӘСІПОРЫН - ӘЛЕУМЕТТІК СЕРІКТЕС» НОМИНАЦИЯСЫН АЛДЫ

Маңғыстау энергетика колледжінде энергетика күнін тойлау аясында 2025 жылы жұмысшы мамандықтар жылының қорытындысы шығарылды. Іс-шара энергетика саласының білім беру мекемелері мен кәсіпорындарының жұмысшы кәсіптерін дамытуға және танымал етуге бағытталған бірлескен жұмысының нәтижелерін талқылау үшін маңызды алаңға айналды.

Іс-шара қорытындысы бойынша «МӨЭК» АҚ «Үздік кәсіпорын-әлеуметтік серіктес» номинациясына ие болды.

-Бұл марапат компанияның Маңғыстау энергетикалық колледжін қолдау, дуальды оқытуды дамыту және болашақ энергетиктердің кәсіби құзыреттілігін қалыптастыру бойынша жасалған жүйелі және тиімді жұмыстың нәтижесі, - деп атап өтті «МӨЭК» АҚ корпоративтік оқыту орталығының басшысы Елімай Қозибағарқызы.

Колледж басшылығы «МӨЭК» АҚ-мен ынтымақтастық еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлау сапасын арттыруға, сондай-ақ өңірдің энергетика саласының кадрлық әлеуетін нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

Мұндай бастамалар білім беру мен өндірістің өзара іс-қимылының маңыздылығын растайды, жұмысшы кәсіптердің беделін арттырады және Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосады.