ЭНЕРГЕТИКАНЫҢ ЕРТЕҢІ – ЖАС МАМАНДАРДЫҢ ҚОЛЫНДА

2026 жылғы 29–30 маусым күндері ҚКЖ компаниялар тобына қарасты «МӨЭК» АҚ Нұрлыхан Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжі мен Yessenov College оқу орындарының түлектеріне диплом табыстау салтанатына қатысты.

Салтанатты жиынға «МӨЭК» АҚ Корпоративтік оқыту орталығының басшысы Елімай Қозыбағарқызы қатысып, жас мамандарды маңызды белеспен құттықтады.

Биыл екі оқу орнын мыңнан астам түлек тәмамдап, кәсіптік білім туралы диплом алды. Олардың басым бөлігі оқу барысында «МӨЭК» АҚ базасында өндірістік тәжірибеден өтіп, кәсіпорынның өндірістік қызметімен жақын танысты. Студенттер заманауи технологиялармен, энергетикалық жабдықтармен және өндірістік үдерістермен танысып, алғашқы кәсіби тәжірибесін жинақтады.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген Нұрлыхан Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжінің директоры Айнагүл Жұмағали түлектерді үлкен өмірге жолдама алуымен құттықтап, оқу орнының басты мақсаты – ел экономикасына білікті маман даярлау екенін атап өтті.

«Бүгін – колледжіміз үшін ерекше күн. Бірнеше жыл бойы білім алып, тәжірибе жинаған түлектеріміз еңбек жолына қадам басқалы отыр. Олардың арасында халықаралық деңгейдегі кәсіби байқауларда ел намысын абыроймен қорғап, жүлделі орындарға ие болған жастар бар. Бұл – ұстаздар еңбегінің және білім сапасының нәтижесі. Барша түлектерге ақ жол, толағай табыс тілеймін», – деді Айнагүл Жұмағали.

Диплом табыстау рәсімінде «МӨЭК» АҚ Корпоративтік оқыту орталығының басшысы Елімай Қозыбағарқызы да жас мамандарға ізгі тілегін арнап, дипломдарын табыстады.

«Бүгін сіздер өмірдің жаңа белесіне қадам басып отырсыздар. Энергетика – елдің тұрақты дамуы мен қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін стратегиялық сала. Сондықтан бұл бағытта кәсіби білімі терең, жауапкершілігі жоғары, үнемі ізденіп, дамуға дайын жас мамандардың орны ерекше. Әрқайсыңызға сәтті еңбек жолын, кәсіби биіктер мен толайым табыс тілеймін», – деді Елімай Қозыбағарқызы.

«МӨЭК» АҚ өңірдегі бейінді оқу орындарымен тығыз байланыс орнатып, болашақ мамандарды даярлау ісіне жүйелі түрде қолдау көрсетіп келеді. Өндірістік тәжірибені ұйымдастыру, тәлімгерлік бағыттағы жұмыстар және жас кадрлардың кәсіби қалыптасуына жағдай жасау – компанияның кадрлық саясатының маңызды бағыттарының бірі.

Бүгінде кәсіпорын білім мен өндірістің өзара байланысын нығайту арқылы саланың болашағын қалыптастыратын жас энергетиктердің кәсіби дамуына тұрақты қолдау көрсетуді жалғастырып келеді.