ЭНЕРГЕТИКАНЫҢ БОЛАШАҒЫ – СЕНІМДІ ҚОЛДА: СТУДЕНТТЕР «МӨЭК» АҚ ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ОБЪЕКТІЛЕРІНДЕ БОЛДЫ

Қазақстанда жарияланған 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында, Нұрлыхан Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжінің 2 курс студенттері мен «Мұхамеджан Тынышпаев атындағы ALT Университеті» АҚ 3 курс студенттері «Маңғыстау өңірлік электртораптық компаниясы» АҚ-ға (МӨЭК) экскурсияға келді. Бұл кездесу тек білім беру іс-шарасы ғана емес, теория мен практика, оқу аудиториясы мен нақты өндіріс арасындағы нағыз көпірге айналды.

Сапардың бірінші пункті «МӨЭК» АҚ Корпоративтік оқыту орталығы болды. Мұнда студенттер қауіпсіздік шараларымен, заманауи білім беру бағдарламаларымен, сондай-ақ компаниядағы мансаптық мүмкіндіктермен таныстырылды.

«Бүгінде біздің алдымызда жастарға білім беріп қана қоймай, олардың өмірде қалай қолданылатынын көрсету міндеті тұр. Мұндай экскурсиялар — өңір энергетикасының болашағына салынған инвестиция», — деп атап көрсетті Корпоративтік оқу орталығының басшысы Елімай Қозыбағарқызы.

Содан кейін экскурсияға қатысушылар электр энергиясын есепке алу мен бақылаудың автоматтандырылған жүйесі (ЭКЕАЖ) бөліміне барды. Мұнда болашақ энергетиктерге электр энергиясын тұтынуды бақылаудың және деректерді басқарудың цифрлық әдістері туралы айтылды.

«Біз, студенттер үшін бұл оқулықтарда оқитын технологиялардың іс жүзінде қалай қолданылатынын көрудің тамаша мүмкіндігі. Әсіресе, энергия тиімділігін арттырудағы ЭКЕАЖ рөлі туралы білу өте қызықты болды», - деп колледждің 2 курс студенті өз әсерімен бөлісті.

Метрология қызметіне және Сынау қызметіне бару балалардың үлкен қызығушылығын тудырды. Оларға жабдықтың дәлдігін тексеру және электржелілерін пайдалану сапасын бақылау қалай жүзеге асырылатындығы көрсетілді.

Күннің ең жарқын сәті заманауи бағдарламалық жасақтама және аналитикалық қолдау жүйесімен жабдықталған өңірлік диспетчерлік орталыққа (ӨДО) бару болды.

«Біз студенттерге бүкіл өңірдің энергия қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін шешімдердің нақты уақытта қалай қабылданатынын көрсеттік. Бұл олардың кейбірін болашақта біздің командамыздың бір бөлігі болуға ынталандырады деп сенеміз», - деді Орталық диспетчерлік қызметтің аға диспетчері Бибігүл Бесмағамбетова.

Экскурсия «Жағалау» қосалқы станциясында аяқталып, мұнда студенттер нақты уақыт режимінде энергетикалық процестерді бақылау мен басқарудың қалай жүретінін көрудің ерекше мүмкіндігіне ие болды.

«МӨЭК» АҚ-дағы экскурсия болашақ мамандар үшін нағыз жаңалық болды. Бұл олардың мамандық туралы білімдерін кеңейтіп қана қоймай, энергетика саласындағы оқуларын жалғастыруға және қызмет жолын құруға деген ынталарын арттырары сөзсіз.