ЭНЕРГЕТИКА ӘЛЕМІНЕ ЭКСКУРСИЯ: АҚТАУЛЫҚ ОҚУШЫЛАР «МӨЭК» АҚ-на БАРДЫ

Қазақстанда 2025 жылы жарияланған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында 18 қараша күні Ақтау қаласының №31 мектебінің 9-сынып оқушылары «МӨЭК» АҚ-на экскурсияға барды. Оқушылар энергетика саласының мамандарынан қажетті ақпараттар алды.

Оқушылар алдымен «МӨЭК» АҚ корпоративтік оқыту орталығына экскурсияға барды. Онда оқушыларға қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқаулық өткізілді.

Балаларға өңірлік диспетчерлік орталыққа және сынақ қызметінің химиялық зертханасына бару ерекше әсер етті. Диспетчерлік орталық барлық негізгі энергетикалық процестерді тәулік бойы бақылауды және басқаруды қамтамасыз ететін заманауи жүйемен жабдықталған. Оқушылар нақты уақыт режимінде электр желілерінің жай-күйі мен электр энергиясын бөлу мониторингі қалай жүргізілетінін көрді, сондай-ақ диспетчерлердің жұмысында дәлдік пен жеделдіктің қаншалықты маңызды екенін білді. Химия зертханасында оқушылар трансформатор майының физика-химиялық қасиеттерін, оқшаулау күйін және энергетикалық инфрақұрылым жұмысының сенімділігіне әсер ететін басқа да көрсеткіштерді анықтауға мүмкіндік беретін талдаулармен танысты. Экскурсия соңында оқушылар қазіргі уақытта жабдықтарды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқан «ПТФ» қосалқы станциясына барды.

« Бізге экскурсия ұнады. Біз энергетика саласы қалай жұмыс істейтінін көптен бері көргіміз келді. Мұнда бәрі біз ойлағандай емес, көптеген технологиялар, жауапкершілік және командалық жұмыс бар екен. Мамандар өңірдің энергия жүйесін қалай бақылайтынын білу өте қызықты болды», - деді оқушылар.

Экскурсия оқушыларға энергетиктер жұмысының ерекшеліктерін тереңірек түсінуге және сала болашағы туралы ойлауға көмектесті.

«Экскурсияның негізгі мақсаты оқушыларға жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын көрсету, олардың заманауи өндіріс туралы түсініктерін кеңейту және энергетика саласындағы даму перспективаларын көрсету болды. Мұндай іс-шаралар жастардың жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылығын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады және жасөспірімдерге өздерінің кәсіби жолдарын саналы түрде таңдауға көмектеседі», - деді корпоративтік оқыту орталығының басшысы Елімай Қозибағарқызы.