ЭНЕРГЕТИКА ӘЙЕЛ ТҰЛҒАСЫНДА: ГҮЛШАРА ТАНАБАЕВА ЖӘНЕ ОНЫҢ «МӨЭК АҚ-ДАҒЫ ЖОЛЫ

Энергетика дәстүрлі түрде ерлер саласы болып саналады. Стресске мықты төзімділік, талапшылдық, шапшаңдық және кейде салқынқанды бола білу — энергетик жұмысына қажетті бұл қасиеттер күшті ер адамның бейнесін көрсетері сөзсіз. Дегенмен, бұл салада әйелдер де әлдеқашан нық орнығып, өз позицияларын берік ұстанып келеді.

«Маңғыстау өңірлік электртораптық компаниясы» АҚ-да әр түрлі мамандықтағы 345 әйел еңбек етеді. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында біз энергетика саласында ер әріптестерімен бірдей жұмыс жасап жүрген нәзік жандардың бірі туралы айтатын боламыз.

Гүлшара Танабаева бұл кәсіпте 38 жылдан бері жасап келеді. Ол энергетикада тек «ер-азамат» болуы керек деген пайымды өзгерткен әйел адамдардың жарқын мысалы.

Гүлшара Максимқызы қызмет жолын Маңғышлақ электр желілері кәсіпорнында (қазіргі «Маңғыстау өңірлік электртораптық компаниясы» АҚ) «Өзен» ҚС қосалқы станциясының диспетчері лауазымында бастаған. Алты жылдан кейін «Өзенэнергомұнай» басқармасына ауысып, электр энергиясын өткізу бөлімінің жетекші инженері лауазымында жасады. 2014 жылы Жаңаөзеннен Ақтауға көшіп келгеннен кейін, «МӨЭК» АҚ Орталық диспетчерлік қызметіне теңгерім жөніндегі диспетчер болып жұмысқа орналасты. Өзінің кәсіби қызметі барысында электр монтерінен «МӨЭК» АҚ Коммерциялық диспетчерлеу қызметінің коммерциялық диспетчеріне дейінгі жолдан өтті.

Гүлшара Максимқызы әрдайым керемет көңіл-күймен жүреді, өзінің тартымды мінезі әрі жарқын жүзімен әріптестерін күн сайын таң қалдырудан жалықпайды.

— Бала кезімде мен энергетик мамандығы туралы ойламадым, бірақ инженер ретінде оқуды жоспарладым. Осы мамандықты сол кезде «Өзенмұнай» МГӨБ бас энергетигі болып жұмыс істеп жүрген әкемнің кеңесі бойынша таңдадым, — дейді Гүлшара Танабаева.

— Әкемнің өнегесі мені энергетиканы таңдауға шабыттандырды. Кызмет жолымның басында мен де барлық жас мамандар сияқты қиындықтарға тап болдым. Менің алғашқы жұмыс күнім «Өзен» қосалқы станциясында өтті, бұл жерде мен құрал-жабдықтармен таныстым. Мамандығымды игеріп, маман ретінде қалыптасқанымды, мен өз мансабымдағы ең маңызды жетістік деп бағалаймын, - деп толықтырды ол.

Мол тәжірибесі мен жоғары кәсіби біліктілігі Гүлшара Максимқызына электр желілерінің сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жұмыс күндері де тұтынушыларды тұрақты электрмен қамтуға атсалыса отырып, ол нәзіктігін, сүйкімділігін және тартымдылығын сақтай біледі.

Гүлшара Максимқызының жұмысынан басқа, оны барлық жағынан қолдайтын берекелі берік отбасы бар. Энергетик жұбайымен бірге ол үш баланы тәрбиелеп отыр. Бос уақытында кітап оқығанды ұнатады.

— Энергетик, бұл – электр және жылу энергиясын өндіру, беру, тарату және пайдалану мәселелерімен айналысатын маман. Бұл кәсіпте жетістікке жету үшін оқуға деген ұмтылыс, тіл табыса білу, шыдамдылық, тәртіп пен табандылық қажет. Мен өз қызмет жолымда ағат пікірлерге не болмаса стереотиптерге тап болмадым, мен өз біліктілігімді аттестация арқылы дәлелдедім. Энергетиканың болашағын жүйелердің тиімділігін арттыратын және энергиямен жабдықтау қауіпсіздігін қамтамасыз ететін цифрлық трансформациядан көріп отырмын, - деп атап өтті Гүлшара Танабаева.

Осы жылдар ішінде Гүлшара Максимқызы көптеген жағдайларды басынан өткерді, бірақ мамандығы өмірінде қашанда ерекше орын алатын. Ол үшін отбасы бірлігін сақтаумен ұйымшыл ұжымда жұмыс істеу маңызды еді. Ол салалық марапаттарға ие болды, жинақтаған ілім-білімінің бай мұрасын өзінен кейін қалдыруға тырысып, өз тәжірибесін жас мамандарға ықыласпен жеткізуде. Әріптестері оны жоғары кәсіби біліктілігі, ісіне адалдығы және сарқылмас энергиясы үшін бағалайды, ал оның «МӨЭК» АҚ энергетика саласын дамытуға қосқан үлесі ұзақ жылдар бойы маңыздылығын жоғалтпайды.

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Гүлшара Максимқызы өз әріптестеріне – әйел адамдарға махаббат, мықты денсаулық, амандық, жұмыста табыс, адал достық мен отбасы бақытын тілейді.