
2025 жылғы 25 ақпан – «Релелік қорғаныс және автоматика: жұмысты ұйымдастыру, даму перспективалары және жас мамандарды даярлау» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны барлық еншілес кәсіпорындар мен білім беру мекемелерінің өкілдерін онлайн-форматта біріктірген «Қазақстан коммуналдық жүйелері» (ҚКЖ) компаниялар тобы ұйымдастырды.
Тәжірибе алмасу алаңы
Дөңгелек үстел релелік қорғаныс және автоматика саласындағы өндірістік кәсіпорындар мен білім беру мекемелері арасында тәжірибе алмасудың маңызды алаңына айналды. Негізгі мақсат – өндірістегі релелік қорғаныс және автоматика (РҚА) жүйелерінің жұмысын ұйымдастыру, нормативтік базаны жаңарту мәселелерін талқылау.
Бұл саладағы жас мамандарды даярлауға, олардың біліктілігін арттыруға және кәсіби дағдыларын дамытуға, сондай-ақ жұмысшы мамандықтарын танымал етуге ерекше назар аударылды.
Кадрларды дамыту: білім мен өндірісті біріктіру
«Қазақстан коммуналдық жүйелері» (ҚКЖ) компаниялар тобы кадрлық әлеуетті дамыту мақсатында Корпоративтік оқу орталықтары арқылы мамандардың біліктілігін арттырып, еншілес кәсіпорындар арасында тәжірибе алмасуын ұйымдастырады.
Компания білім беру мекемелерімен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейді, теориялық оқытуды нақты өндірістік практикамен біріктіреді. Университеттер мен мектептермен серіктестік аясында ҚКЖ мектеп оқушылары мен студенттерге арналған экскурсиялар, кездесулер ұйымдастырып, оларды энергетик мамандығымен таныстырады және Қазақстанның болашақ кадрлық резервін қалыптастыруға үлес қосады.
Бұл оқыту форматы жан-жақты дамыған мамандарды дайындауға мүмкіндік береді, теориялық білімді практикалық дағдылармен ұштастырады. Нәтижесінде болашақ мамандар іргелі білім алып қана қоймай, нақты өндірістік тәжірибе жинақтап, қосымша дайындықсыз жұмысқа кірісуге мүмкіндік алады. Бұл олардың жұмысқа бейімделу кезеңін қысқартып, еңбек нарығында тиімді орналасуына ықпал етеді.
Сарапшылардың баяндамалары
«Қазақстан коммуналдық жүйелері» ЖШС техникалық директоры Айдын Бексолтан іс-шараны құттықтау сөзбен ашты. Одан кейін «Өскемен ЖЭО» электр техникалық зертханасының бастығы Александр Ладыженков кәсіпорында РҚА құрылғыларын пайдалануды ұйымдастыру туралы баяндама жасады.
«Қарағанды Жарық» ЖШС релелік қорғаныс, автоматика және өлшеу қызметінің бастығы Владимир Краснов компанияның қосалқы станцияларында және орталық тарату пункттерінде РҚА құрылғыларын пайдалану тәжірибесімен бөлісті. «Маңғыстау өңірлік электржелілік компаниясы» АҚ РҚА қызметінің жетекші инженері Асхат Ермекбаев олардың кәсіпорнында РҚА саласындағы жас мамандарды даярлау бағдарламалары туралы айтты.
Қарағанды ЖЭО-3 электр техникалық зертханасының бастығы Роман Барулин «Қарағанды Энергоорталық» ЖШС-дағы РҚА қызметін ұйымдастыру мәселелерін қарастырды. «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС техникалық директорының орынбасары Нұрмұхаммед Әбдіжаппарұлы өз ұйымындағы релелік қорғаныс және автоматика жұмысының тәжірибесі мен даму перспективалары туралы баяндама жасады.
«Өскемен ГЭС» ЖШС және «Шүлбі ГЭС» ЖШС өкілдері өз кәсіпорындарында РҚА жұмысының ұйымдастырылуы туралы айтып, релелік қорғаныс құрылғыларына қойылатын функционалдық талаптар және олардың сынақ әдістеріне қатысты нормативтік базаны дамыту мәселелерін талқылады.
Шығыс Қазақстан техникалық университеті, Өскемен жоғары колледжі, Қарағанды индустриалды университеті, Қарағанды жоғары политехникалық колледжі және Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің білім беру мекемелерінің спикерлері жас мамандарды даярлау мәселелерін көтерді.
Шығыс Қазақстан облысының Кәсіптік білім беру орталығы мен Кәсіпкерлер палатасының өкілдері өз кезегінде Жұмысшы мамандықтар жылын атап өтіп, кәсіби дағдыларды дамыту және техникалық-кәсіптік білім берудің оң имиджін қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.
Іс-шара өндірістік кәсіпорындар мен білім беру мекемелері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етті, бұл Қазақстанның энергетика саласын дамытуда маңызды қадам болып табылады.







