Жазғы демалыс жақындап қалды. Бұл – оқушылар асыға күтетін әрі жақсы көретін кезең! «Маңғыстау өңірлік электртораптық компаниясы» акционерлік қоғамының мамандары бұл уақытты тиімді пайдалануда – олар мектеп оқушыларымен электр қауіпсіздігі бойынша түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізіп жатыр. Электр жарақаттануының алдын алу – «МӨЭК» АҚ қызметінің басым бағыттарының бірі болып табылады.
Энергетиктер Маңғыстау облысының барлық аудандарындағы мектептерде электр қауіпсіздігі бойынша сабақтар өткізуде. Бұл сабақтарға бастауыш және орта буын оқушылары қатысады. Дәрістер мен тәжірибелік сабақтар мамыр айының соңына дейін жүргізіледі – жазғы демалыс қарсаңында, балалар ересектердің бақылауынсыз жиі қалатын кезде. Мамандар дәл осы кезеңде балаларға энергия нысандарына жақын жерлерде өзін қауіпсіз ұстау ережелерін еске салу аса маңызды екенін атап өтеді.
Энергетиктер оқушыларға электр тогының қаншалықты қауіпті екенін, электр қондырғыларына жақын жерде өзін қалай ұстау керектігін және үзік сымдарға немесе трансформаторлық қосалқы станцияларға қол тигізуге неге болмайтынын қарапайым әрі түсінікті тілмен түсіндіреді. Қосалқы станциялар мен өзге де энергия нысандары маңындағы қауіпсіздік ережелеріне ерекше көңіл бөлінеді. Сондай-ақ оқушыларға трансформаторлық қосалқы станцияларда орнатылған ескерту белгілеріне назар аударудың маңыздылығы түсіндірілді. Оқу барысында балалардың негізгі қауіпсіздік ережелерін жақсы түсінуі мен есте сақтауы үшін көрнекі материалдар белсенді пайдаланылды.
– Балалар – біздің болашағымыз, ал олардың қауіпсіздігіне біз, ересектер, жауаптымыз. Біз балалар арасындағы электр жарақаттануының алдын алуға ерекше көңіл бөлеміз. Әрбір балаға электр тогының қауіпті екенін түсіндіру маңызды. Біз оқушыларға электр энергиясымен қауіпсіз жұмыс істеуді үйретуге бар күшімізді салып жатырмыз. Біздің мақсатымыз – оларға өмірлік маңызы бар білім беру. Біз ақпараттандыру ісіне жауапкершілікпен қараймыз және балалардың қауіпсіздігіне ерекше мән береміз. Себебі қарапайым ережелерді сақтау – өмір мен денсаулықты сақтауға септігін тигізеді. Айта кеткім келеді, бұл сабақтар өте тиімді өтуде, балалар белсенді түрде сұрақ қойып, әртүрлі жағдайларда не істеу керектігін білгісі келеді, – деді Жетібай ЭЖА бастығы Ғазиз Қазтуғанов.
Электр қауіпсіздігі сабағынан кейін мектеп оқушылары өз әсерлерімен бөлісті:
– Бізге қандай қауіпті жағдайлар болатынын және олардан қалай сақтану керектігін көрсетті. Әсіресе қосалқы станциялардағы ескерту белгілері есімде қалды. Бұрын олардың нені білдіретінін білмейтінмін, енді олардың қауіпсіздік үшін маңызды екенін түсіндім, – деді 4-сынып оқушысы Тимур.
– Электр қуаты қалай жұмыс істейтінін және оның неге қауіпті болатынын білу қызықты болды. Барлығын қарапайым мысалдармен және суреттермен түсіндіргені қатты ұнады, – деп атап өтті 4-сынып оқушысы Айгерім.
Оқушылар энергетиктерге пайдалы ақпарат үшін алғыс айтып, бұл білім болашақта қауіпті жағдайлардан сақтануға көмектесетініне сенім білдірді.
«МӨЭК» АҚ Еңбекті қорғау және қауіпсіздік қызметінің бастығы Шабай Нуримов энергетиктер жыл сайын балалар арасындағы электр жарақаттануының алдын алуға және олардың қатысуымен болатын жазатайым оқиғаларды болдырмауға бағытталған профилактикалық іс-шаралар жүргізетінін атап өтті.
– Кәмелетке толмағандар арасындағы электр жарақаттануының алдын алу және балаларды қауіпсіз мінез-құлыққа үйрету – біздің басым міндеттеріміздің бірі. Кернеу астындағы нысандар маңында қарапайым, бірақ өмірлік маңызды мінез-құлық ережелерін балаларға үнемі еске салып отыру өте маңызды, – деді Шабай Нуримов.
2025 жылғы мамыр айының соңына дейін «МӨЭК» АҚ мамандары Маңғыстау облысының барлық аудандарындағы жалпы білім беретін мекемелерде электр қауіпсіздігі бойынша бірқатар оқыту сабақтарын өткізуді жоспарлап отыр..








