
Энергетика саласындағы әрбір табысты жобаның артында өз ісіне адал, тәжірибелі әрі кәсіби мамандар тұрады. Осындай жандардың бірі – ҚКЖ компаниялар тобына кіретін «МӨЭК» АҚ-ның Күрделі құрылыс қызметінің басшысы Ғұмар Рахымберліұлы Бисенов.
Оның еңбек жолы – қырық жылдан астам уақытқа созылған құрылыс саласындағы қажырлы қызметтің жарқын көрінісі. Осы жылдар ішінде Қазақстанда және шетелде ондаған ірі жоба жүзеге асырып, жүздеген шақырым инженерлік желілердің салынуына және еліміздің инфрақұрылымдық дамуына үлес қосты.
Ғұмар Рахымберліұлы 1962 жылдың 25 мамырында Атырау облысы Қызылқоға ауданының Миялы ауылында дүниеге келген. Алғашқы білімін туған ауылындағы Н.Крупская атындағы орта мектепте алып, кейін Алматы қаласындағы №278 орта мектепте оқуын жалғастырды.
Мектептен кейін Алматы құрылыс техникумының «Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс» мамандығына түсіп, 1981 жылы оқуын сәтті аяқтады. Еңбек жолын «Қазгипроместпром» институтында аға техник болып бастады. 1981–1983 жылдары Кеңес Армиясы қатарында әскери борышын өтегеннен кейін құрылыс саласындағы кәсіби қызметін Алматы мен Атырау қалаларында жалғастырды.
Еңбек жолында көптеген маңызды құрылыс жобаларына қатысты. Алматыда 12 қабатты монолитті тұрғын үйлердің, кәсіпорын қызметкерлеріне арналған тұрғын үйлердің құрылысына атсалысты. Көкшетау облысында қуаттылығы 120 мың тонна болатын элеватор құрылысын жүзеге асыруға үлес қосты.
1990-жылдардың соңында Ресейде «Лукойлнефтегазстрой» және «Монолитстрой» компанияларында директордың өндіріс жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Оның жетекшілігімен тұрғын үйлер, кеңсе ғимараттары және биатлоннан әлем чемпионатын өткізуге арналған инфрақұрылым нысандары салынды.
Қазақстанға оралғаннан кейін Ақтаудағы «СМП-9» ЖШС-не басшылық етті. Бұл кезеңде Ақтау теңіз порты мен Маңғышлақ станциясы арасындағы жоғары кернеулі әуе электр желілерін қайта жаңғырту, инженерлік коммуникацияларды көшіру және теміржол желілерін күрделі жөндеу сияқты ауқымды жобаларды табысты басқарды.
«МӨЭК» АҚ құрамына алғаш рет 2005 жылы Күрделі құрылыс бөлімінің басшысы болып келді. Кейін басқа ұйымдарда еңбек еткенімен, 2015 жылы қайтадан компанияға оралып, бүгінгі күнге дейін Күрделі құрылыс қызметін басқарып келеді.
Осы уақыт ішінде ол өзін кәсіби біліктілігі жоғары, жауапкершілігі мол әрі тиімді басқарушылық қабілеті бар басшы ретінде танытты. Әрбір жобада сапа, қауіпсіздік және тәртіп қағидаларын басты орынға қояды.
«Күрделі құрылыс – үлкен жауапкершілік. Әрбір шешімнің артында адамдардың қауіпсіздігі мен болашақтағы сенімді жұмыс тұр. Сондықтан бұл салада кәсіби біліммен қатар тәртіп, командамен жұмыс істеу және әрбір қадамды алдын ала жоспарлай білу аса маңызды», – дейді Ғұмар Рахымберліұлы.
Көп жылғы тәжірибесіне қарамастан, ол үздіксіз білім алуды кәсіби дамудың басты шарты деп есептейді. Осы ұстанымының арқасында 2013 жылы Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетін «Құрылыс» мамандығы бойынша тәмамдады.
«Оқудың жасы болмайды. Технологиялар мен талаптар үнемі өзгеріп отырады. Нағыз маман болғың келсе, өзіңді тоқтаусыз дамытып отыруың қажет», – дейді ол.
Әріптестері Ғұмар Бисеновты жоғары білікті инженер ғана емес, адамдармен тіл табыса білетін, әділ әрі жауапты басшы ретінде бағалайды. Оның жетекшілігімен кәсіби әрі ұйымшыл команда қалыптасып, Маңғыстау облысының электр желілік кешенін салу және жаңғырту бағытындағы маңызды жобалар табысты жүзеге асырылып келеді.
Көп жылғы жемісті еңбегі мен энергетика саласының дамуына қосқан елеулі үлесі үшін Ғұмар Рахымберліұлы бірнеше мәрте салалық наградалармен және алғыс хаттармен марапатталған.
Алайда ол үшін ең үлкен байлық – отбасы.
Жұбайымен бірге үш бала тәрбиелеп өсірді. Үлкен қызы Гаухар – Астанада дәрігер, кіші қызы Айнұр – Алматыда заңгер, ал ұлы Бексұлтан – бағдарламашы. Бүгінде немерелерінің қызығын көріп, отбасы жылуын ерекше бағалайды.
«Өмірдегі ең үлкен жетістік – қызметтегі табыс қана емес, отбасыңның амандығы. Жақындарыңның қолдауы адамға кез келген қиындықты еңсеруге күш береді», – дейді ол.
Бос уақытында бильярд ойнап, кітап оқуды ұнатады. Оның айтуынша, жақсы әдебиет адамның ой-өрісін кеңейтіп, жаңа көзқарас қалыптастыруға көмектеседі.
Өмірлік ұстанымы қарапайым әрі терең мағынаға ие – өз ісіне адал болып, әрбір тапсырмаға үлкен жауапкершілікпен қарау.
«Әр адам өмірінде жақсы із қалдыруы керек. Егер сенің еңбегіңнің арқасында адамдардың үйінде жарық жанып, ертеңгі күнге деген сенімі арта түссе, онда сен өз мамандығыңды дұрыс таңдағансың», – дейді Ғұмар Рахымберліұлы.
Осындай білікті де тәжірибелі мамандардың арқасында «МӨЭК» АҚ Маңғыстау облысының тұрғындарын сенімді әрі үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз ету бағытындағы стратегиялық міндеттерін табысты орындап келеді. Ғұмар Бисенов сынды өз ісіне берілген мамандар компанияның тұрақты дамуы мен энергетикалық қауіпсіздігінің берік негізін қалыптастырып келеді.


