
«МӨЭК» АҚ Ақтау қаласының іргесіндегі 110/35/6 кВ «ГПП-Н-2» қосалқы станциясын жаңғырту жұмыстарын аяқтады. Жоба «Қазақстан коммуналдық жүйелері» компаниялар тобының инвестициялық бағдарламасы аясында жүзеге асырылды.
Жаңғырту жұмыстары 2025 жылы басталды. Алдымен қажетті жабдықтар мен қосалқы бөлшектер сатып алынып, кейін нысанды кешенді жаңарту қолға алынды.
Бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорынды электр энергиясымен қамтамасыз ететін «ГПП-Н-2» қосалқы станциясы шамамен 50 жыл бұрын салынған. Ұзақ уақыт пайдаланылған жабдықтардың бір бөлігі әбден тозып, техникалық тұрғыдан ескірген еді. Осыған байланысты станцияның негізгі құрылғыларын кезең-кезеңімен ауыстыру және жаңарту қажеттілігі туындады.
Жоба аясында ауқымды құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілді. Өндірістік және қосалқы ғимараттардың іші толық жөнделіп, жаңа темірбетон қоршау орнатылды. Май жинауға арналған құдықтар салынып, күштік трансформаторлардың іргетасы құйылды.
Нысанның қауіпсіздігін күшейту үшін екі жарықтандыру діңгегі орнатылып, заманауи найзағайдан қорғау жүйесі іске қосылды.
Сонымен қатар, 110 кВ ашық тарату құрылғысы толық жаңартылды. Жаңа ажыратқыштар, металл тіректер мен порталдар орнатылып, оқшаулағыштарға арналған алаңдар жабдықталды. Релелік қорғаныс пен автоматиканың заманауи құрылғылары енгізілді.
Жерге тұйықтау жүйесі толық жаңартылып, темірбетон және металл кабель арналары салынды. Күштік және бақылау кабельдері тартылды.
Жобаның маңызды кезеңдерінің бірі — қосалқы станцияны қашықтан бақылау және басқарудың заманауи жүйесін енгізу болды. Жүйе станциядағы деректерді «МӨЭК» АҚ өңірлік диспетчерлік орталығына автоматты түрде жеткізеді.
Енді мамандар жабдықтардың жұмыс көрсеткіштерін нақты уақыт режимінде бақылап, телеөлшем деректерін қабылдай алады. Сондай-ақ коммутациялық аппараттардың күйін қадағалап, электр желісіндегі өзгерістерді жедел бағалауға мүмкіндік бар.
Бұл электр энергиясын бөлу мен тұтынуды нақты есепке алуға, ақауларды дер кезінде анықтауға және энергетикалық нысанды басқару тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Құрылыс-монтаж және іске қосу-баптау жұмыстары толық аяқталғаннан кейін қосалқы станция пайдалануға берілді.
Энергетикалық нысандарды жаңғырту — «МӨЭК» АҚ қызметінің негізгі бағыттарының бірі. Компания инвестициялық бағдарлама аясында қолданыстағы қосалқы станцияларды жаңартып, тозған жабдықтарды ауыстыруды және электр желісі инфрақұрылымының жаңа нысандарын салуды жалғастырады.





