
2025 жылдың 1 қазан күні Маңғыстау облысы Түпқараған ауданындағы Сайын Шапағатов ауылында жаңа қосалқы станция мен әуе электр беру желісінің іске қосылу рәсімі өтті.
Қосалқы станцияның ашылу салтанатына Түпқараған ауданының әкімі Ержан Күмісқали, Маңғыстау облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының өкілдері, сондай-ақ «МӨЭК» АҚ басшылығы қатысты.
Жаңа қосалқы станция 10 мыңға жуық адам тұратын Сайын Шапағатов ауылын электр энергиясымен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Сайын Шапағатов ауылы Ақтау қаласынан 30 шақырым жерде орналасқан. Қосалқы станция тұрғындардың электр энергиясына деген қажеттілігін жауып, сонымен қатар болашақта тұтынуды арттыру үшін резервті қамтамасыз етеді. Бұл электр энергиясының ықтимал тапшылығын болдырмауға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған стратегиялық қадам.
«МӨЭК» АҚ Басқарма төрағасы Қасымхан Сыздықов жаңа қосалқы станция сенімді электрмен жабдықтауды қамтамасыз етіп қана қоймай, өңірдің өнеркәсіптік және әлеуметтік инфрақұрылымын одан әрі дамыту үшін қосымша қуат беретінін атап өтті.
Қосалқы станция құрылысы бекітілген инвестициялық бағдарламаны іске асыру шеңберінде жүргізілді, жобаның құны 4 миллиард теңгеден асады.
Жаңа қосалқы станцияда озық халықаралық стандарттарға сәйкес келетін заманауи жабдықтар орнатылған. Жоба бойынша мұнда 2х10 МВА қуат трансформаторлары қарастырылған. Сондай-ақ, энергия объектісінде «МӨЭК» АҚ өңірлік орталығының диспетчерлік қалқанына деректерді бере отырып, қосалқы станцияның мониторингі мен басқару жүйесі көзделген. Бұл нақты уақыт режимінде жедел ақпаратты, телеөлшемдердің ағымдағы мәндерін, коммутациялық аппараттардың жай-күйін көрсетуге, сондай-ақ желінің жай-күйін бағалауды орындауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде электр энергиясын бөлу мен тұтынудың нақты есебін жүргізуге мүмкіндік береді.
- Бүгінгі таңда қосалқы станциядағы құрылыс-монтаж жұмыстары толығымен аяқталды және ол пайдалануға берілді. Бұл бүкіл ұжымның үйлесімді кәсіби еңбегінің нәтижесі. Қосымша электр энергиясы шағын және орта бизнесті дамыту үшін жаңа перспективаларға алып келеді, - деді «МӨЭК» АҚ даму және қамтамасыз ету жөніндегі басқарма төрағасының пайдалану жөніндегі орынбасары Мұрат Иманов.
Айта кетсек, жаңа қосалқы станция салу қажет болды. Себебі Сайын Шапағатов ауылының тұтынушыларын электрмен жабдықтау «Ақшұқыр» ПС-110/10 кВ және «Әуежай» ПС-110/10 кВ екі қосалқы станциясынан жүзеге асырылады. Шағын және орта бизнес кәсіпорындарының дамуына, жаңа тұрғын үй секторларының құрылысына, ауылда әлеуметтік, тұрмыстық мақсаттағы объектілердің іске қосылуына байланысты электр жүктемелерінің өсуі байқалды. Осыған байланысты «МӨЭК» АҚ жаңа қосалқы станция салу туралы шешім қабылдады.












