«МӨЭК» АҚ ЖҮРГІЗУШІСІ 30 ЖЫЛДАН АСТАМ УАҚЫТ БОЙЫ ЭНЕРГЕТИКТЕРДІҢ СЕНІМДІ СЕРІГІ БОЛЫП КЕЛЕДІ

Бәйтенов Тәңірберген Сәулебайұлы жақында 61 жасқа толады. Ол бұл уақыттың 30 жылдан астам бөлігін «Қазақстан коммуналдық жүйелері» (ҚКЖ) компаниялар тобына кіретін «МӨЭК» АҚ-на арнады.

Осы жылдар бойы ол энергетиктердің жетуі қиын шалғай аймақтарға баруын қамтамасыз ететін әрі жұмыс учаскелерінде олардың тіршілік әрекетіне жағдай жасайтын арнайы техниканың жүргізушісі болып еңбек етіп келеді. Осындай ұзақ мерзімді еңбегінің арқасында Тәңірберген Сәулебайұлы әріптестері арасында зор құрмет пен беделге ие болды. Әріптестері оны достық пейілмен «Тәкеш» деп атайды.

Тәңірберген Сәулебайұлы «МӨЭК» АҚ-на 1995 жылдың тамыз айында кең бейінді жүргізуші лауазымына жұмысқа орналасқан. Оның ең алғаш тізгіндеген техникасы К-700 «Кировец» тракторы болды. Ол ауыр әрі ірі техникаларды тасымалдауға арналған кеңестік әмбебап дөңгелекті трактор еді. Ал қазіргі таңда ол өзі «дөңгелекті үй» деп жылы қабылдайтын КАМАЗ автокөлігін басқарады. Көлік ішінде электр генераторы, кондиционер, тоңазытқыш, шағын асхана мен демалыс аймағы қарастырылған.

Мұндай арнайы техника энергетиктер үшін өте маңызды және қаладан шалғай жатқан аумақтарда жұмыс жүргізу кезінде пайдаланылады.

«Мамандардың шалғай учаскелерде болуы кезінде бұл техника олардың жайлылығын қамтамасыз етеді: жұмыс арасындағы үзілісте олар мен басқаратын КАМАЗ ішінде тамақтанып немесе тынығып ала алады», — деп түсіндірді жүргізуші.

Тәңірберген Сәулебайұлы өзінің жұмысын қатты жақсы көретінін және арнайы техникаға әрдайым өзі күтім жасайтынын айтады.

«Маған өзімнің істейтін ісім ұнайды. Жұмысымды жақсы көремін, өйткені біз халықты электр энергиясымен қамтамасыз етеміз. Тәуліктің кез келген уақытында, кез келген ауа райында мен және мекемедегі әріптестерім түрлі өндірістік мәселелерді жедел шешу үшін учаскеге жолға шығамыз», — дейді ол.

Тәңірберген Бәйтенов — үлкен шаңырақтың иесі: жубайы екеуі төрт ұл мен екі қыз өсіріп тәрбиеледі. Оның ұлдары да кезінде осы компанияда еңбек еткенін, ал біреуі бүгінгі күнге дейін компаниядағы жұмысын жалғастырып келе жатқанын атап өткен жөн. Қазіргі уақытта ерлі-зайыптылардың 15 немересі бар, олар білім алып, біртіндеп өз шаңырақтарын көтеруде. Жүргізушінің айтуынша, жақындары оның шалғайға жиі шығатын сапарларына әлдеқашан үйренген және бұған үлкен түсіністікпен қарайды.

«Маған, әсіресе, жұбайым зор қолдау көрсетеді. Әр сапарға шығарымда қарным ашпасын деп тамағымды дайындап, жұмысқа шығарып салады. Ол да энергетик сияқты — кез келген жағдайға дайын тұрады. Біз бірге 1984 жылдан бері, 40 жылдан астам уақыт бойы қол ұстасып келеміз», — деп ағынан жарылды ол.

Жұмыстан тыс уақытта Тәңірберген Сәулебайұлының қызығушылықтары да жан-жақты: ол ұзақ уақыт бойы аңшылықпен айналысқан, ал қазіргі таңда оның басты сүйікті ісі — бау-бақша өсіру мен аспаздық.

«Түрлі өсімдіктерді өсіріп, олардың өнім бергенін бақылаған қатты ұнайды. Одан бөлек, тамақ пісіргенді жақсы көремін, кейде әзірлеген асымнан әріптестеріме де дәм татқызамын», — деп қосты Тәңірберген Бәйтенов.

61 жастағы жүргізушінің еңбегі бірінші қарағанда қарапайым көрінгенімен, өңірдің энергетика саласын дамытуға қосылған елеулі үлес болып табылады. Себебі оның мойнында жауапты міндет бар — ол мамандарды қажетті учаскеге жедел әрі аман-есен жеткізу, ал жұмыс күнінің соңында оларды отбасылары мен жақындарына аман-есен қайтару.

Тәңірберген Сәулебайұлының бұл қажырлы еңбегі бірнеше рет Алғыс хаттармен, соның ішінде өңір басшысының (облыс әкімінің) Алғыс хатымен марапатталған.