«МӨЭК» АҚ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ISO СТАНДАРТТАРЫНА СӘЙКЕСТІГІН РАСТАДЫ

«Қазақстан коммуналдық жүйелері» компаниялар тобының құрамындағы «МӨЭК» АҚ біріктірілген менеджмент жүйесін қайта сертификаттау аудитінен сәтті өтті. Аудит қорытындысы компанияның сапаны басқару, қоршаған ортаны қорғау, еңбек қауіпсіздігі және энергетикалық менеджмент салаларындағы халықаралық талаптарға сай жұмыс істейтінін растады. Кәсіпорынға үш жыл мерзімге жаңа сертификаттар берілді.

Кешенді аудитті 2026 жылғы 22–30 маусым аралығында сертификаттау саласындағы беделді ұйым — «QSCert Qazaqstan» ЖШС мамандары жүргізді. Сарапшылар компания қызметін төрт халықаралық стандарт талаптары бойынша бағалады:

ISO 9001:2015 — сапа менеджменті жүйесі;

ISO 14001:2015 — экологиялық менеджмент жүйесі;

ISO 45001:2018 — еңбек қауіпсіздігі және қызметкерлердің денсаулығын қорғау жүйесі;

ISO 50001:2018 — энергетикалық менеджмент жүйесі.

Аудит барысында өндірістік бөлімшелердің қызметі, ішкі үдерістердің ұйымдастырылуы, тәуекелдерді басқару тетіктері, сондай-ақ сапа, экология, өнеркәсіптік қауіпсіздік және энергетикалық ресурстарды ұтымды пайдалану талаптарының орындалуы жан-жақты зерделенді.

Жетекші аудитор Жангелді Қабуловтың айтуынша, «МӨЭК» АҚ басқару мен өндірістік қызметті ұйымдастырудың жоғары деңгейін көрсетті. Компанияның орнықты дамуға басымдық беруі, өндірістік үдерістердің тиімділігі, Маңғыстау облысын сенімді электрмен жабдықтауға мүмкіндік беретін заманауи техникалық инфрақұрылымы кәсіпорынның негізгі артықшылықтары ретінде атап өтілді.

Сондай-ақ сарапшылар басшылықтың біріктірілген менеджмент жүйесінің қағидаттарын ұстануын, тұтынушылармен және серіктестермен ашық байланыс орнатуын жоғары бағалады.

Аудит қорытындысы бойынша ішкі үдерістерді одан әрі жетілдіруге бағытталған бірқатар ұсыныс берілді. Ішкі бақылау және тәуекелдерді басқару бөлімінің үйлестіруімен құрылымдық бөлімшелер ұсыныстарды жедел ескеріп, тиісті шаралар қабылдады. Бұл кәсіпорынның өзгерістерге бейімделіп, басқару жүйесін ұдайы жетілдіруге дайын екенін көрсетті.

«МӨЭК» АҚ Ішкі бақылау және тәуекелдерді басқару бөлімі бастығының міндетін атқарушы Азамат Жолдасбековтің айтуынша, қайта сертификаттау қорытындысы компаниядағы басқару жүйесінің тиімділігін тағы бір мәрте растады.

«Қайта сертификаттау нәтижесі менеджмент жүйеміздің тиімді әрі бірізді жұмыс істейтінін көрсетті. Біз қол жеткізген нәтижемен шектелмей, жұмысымызды ұдайы жетілдіріп келеміз. Өңір тұрғындары мен серіктестеріміздің сенімін ақтау үшін электр желілерін жаңғыртуға инвестиция салуды, еңбек қауіпсіздігін күшейтуді және экологиялық талаптарды жүйелі түрде енгізуді жалғастырамыз», — деді Азамат Жолдасбеков.

Қайта сертификаттаудан сәтті өту — компанияның орнықты даму стратегиясын жүзеге асыру жолындағы маңызды нәтиже. Халықаралық стандарттарға сәйкестіктің расталуы өндірістік үдерістердің сенімділігін, басқару жүйесінің тиімділігін және кәсіпорынның электр энергетикасы саласындағы озық тәжірибелерді жүйелі түрде енгізіп келе жатқанын айғақтайды.