«МӨЭК» АҚ WORLDSKILLS 2025 ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ САЛТАНАТТЫ АШЫЛУЫНА ҚАТЫСТЫ

2025 жылғы 19 ақпанда Н.Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжінде WorldSkills 2025 чемпионатының «Елге құрмет – еңбекке құрмет» атты салтанатты ашылуы өтті. Бұл маңызды оқиға Қазақстанда жарияланған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында өткізіліп, жастар арасындағы жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыруға бағытталған.

Чемпионаттың мақсаты – кәсіптік білім беру жүйесін дамыту, техникалық мамандықтарға деген қызығушылықты арттыру және жастардың сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарын алуға деген ынтасын қалыптастыру. WorldSkills 2025 кәсіби шеберлікті көрсету, тәжірибе алмасу мен кәсіби оқыту саласындағы үздік тәжірибелерді ілгерілетуге арналған маңызды алаң болып табылады.

Салтанатты шараға мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, оның ішінде Маңғыстау облысы білім басқармасының басшысы, білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген геологтары мен энергетиктері, оқытушылар, студенттер мен колледж түлектері қатысты.

Іс-шараға құрметті қонақтар ретінде «МӨЭК» АҚ Басқарма Төрағасының пайдалану жөніндегі орынбасары – Бас инженер Арқабай Нұрматұлы Тастанов және «МӨЭК» АҚ Корпоративтік оқыту орталығының басшысы Елімай Қозыбағарқызы қатысты. Елімай Қозыбағарқызы WorldSkills 2025 чемпионатын ресми бастау құрметіне ие болып, жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын және олардың ел экономикасын дамытуға қосатын үлесін атап өтті.

«Маңғыстау өңірлік электртораптық компаниясы» АҚ дәстүрлі түрде энергетика саласында жоғары білікті кадрларды даярлауға бағытталған бастамаларды қолдап отырады. Компанияның WorldSkills 2025 чемпионатына қатысуы кәсіби өсу, инновация мен тәжірибені мамандардың жас буынына беру қағидаттарын ұстанатынын дәлелдейді.