
«ККЖ» компаниялар тобына кіретін «МӨЭК» АҚ-та үнемді өндіріс құралдарын дамыту және операциялық тиімділікті арттыру бойынша жұмыстар жалғасуда. 21 және 22 қазанда компанияға жұмыс сапарымен «Ordabasy Group» ЖШС операциялық тиімділік жөніндегі басқарушы директоры Ерсұлтан Естаев келді.
Сапар аясында «МӨЭК» АҚ құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлері үшін өндіріс тиімділігін арттырудың Кайдзен құралдары мен 5S жүйесі бойынша практикалық тренинг ұйымдастырылды.
Қатысушылар үнемді өндіріс қағидаттарын зерделеп, 5S жүйесін қолдану дағдыларын жетілдірді және өндірістік объектілерде бұл құралдарды енгізу нәтижелерін практикада бағалады. Сондай-ақ қолданыстағы 5S жүйесіне аудит жүргізілді.
Жүргізілген жұмыстың қорытындысы бойынша әрі қарай жетілдіру бағыттары айқындалды. Бұл тәсіл қол жеткізілген нәтижелерді қолдап қана қоймай, қызметкерлерде өз жұмысын үнемі жақсарту мүмкіндіктерін іздеу әдетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
«МӨЭК» АҚ-та Кайдзен жүйесі 2021 жылдан бастап енгізілуде. Энергетикалық компания үшін бұл ерекше маңызды: жұмыс процестерін анық ұйымдастыру, ресурстарды тиімді пайдалану, стандарттарды сақтау және өндірістік тәртіпті арттыру жұмыстың сапасы мен сенімділігіне тікелей әсер етеді. Бұл ретте Кайдзен қағидаттарын іске асыруда әрбір қызметкер маңызды рөл атқарады. Күнделікті жұмыс орнында болатын және өндірістік процестерге тікелей қатысатын мамандар туындаған мәселелерді уақтылы анықтап, практикалық шешімдер ұсына алады.
«Кайдзен — бұл біржолғы акция немесе бөлек жоба емес. Бұл — әрбір қызметкер жұмыс процесін кішкене болса да жақсартудың маңызы бар екенін түсінетін үздіксіз жетілу мәдениеті. Біздің міндетіміз — үнемді өндіріс құралдарын енгізіп қана қоймай, оларды күнделікті жұмыстың бір бөлігіне айналдыру. Кайдзен және 5S қағидаттарын жүйелі түрде қолдану шығындарды азайтуға, жұмыс тиімділігін арттыруға және қызметкерлерді өндірістік процестерді үздіксіз жетілдіруге тартуға ықпал етеді», — деп атап өтті «МӨЭК» АҚ Ішкі бақылау және тәуекелдерді басқару бөлімінің бастығы, кайдзен-координатор Әйгерім Сүйіндікова.

