«МӨЭК» АҚ САЛА АРДАГЕРІН 90 ЖАСҚА ТОЛҒАН МЕРЕЙТОЙЫМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Бүгін, 13 тамызда ККЖ компаниялар тобына кіретін «МӨЭК» АҚ өкілдері 90 жасқа толған сала ардагері Ырысжанова Алтын Мақуқызының шаңырағына барып қайтты. Компания ұжымы ардагерді атаулы мерейтойымен құттықтап, гүл шоғы мен естелік сыйлық табыс етті.

90 жас — бұл жылдар бойы төгілген еңбек пен мол өмірлік тәжірибе, естеліктер мен ауқымды кәсіби жолды қамтитын тұтас бір дәуір.

Алтын Мақуқызының өмірі ұзақ жылдар бойы энергетика саласымен тығыз байланысты болды. Ол 1980 жылы Маңғышлақ электр желілері кәсіпорнына (қазіргі «Маңғыстау өңірлік электржелілік компаниясы» АҚ) жұмысқа орналасып, 1996 жылға дейін кәсіпорынның қаржылық және салықтық есепке алу басқармасында кассир болып еңбек етті. Жұмыс істеген жылдары ол әріптестерінің арасында зор құрметке бөленіп, өзін заңдылықты қатаң сақтайтын, жауапты әрі парасатты маман ретінде көрсете білді.

Оның кәсіби еңбегі мен энергетика саласының дамуына қосқан үлесі бірнеше рет салалық грамоталармен және алғыс хаттармен атап өтілді.

Еңбек жолын аяқтағаннан бері біршама уақыт өтсе де, Алтын Мақуқызы жұмыс істеген жылдары мен әріптестерін әрқашан ыстық ықыласпен еске алады. Ол өзінің кәсіби өмірін бухгалтериямен және энергетика саласымен байланыстырғанына ешқашан өкінбейтінін білдірді.

«МӨЭК» АҚ ұжымы үшін ардагерге жасалған бұл сапар жай ғана мерейтойлық құттықтау емес, кәсіпорын тарихына өз үлесін қосқан тұлғаға деген шынайы алғыс пен құрметті білдірудің мүмкіндігі болды.

Бұл айтулы күні әріптестері Алтын Мақуқызына мықты денсаулық, отбасылық амандық, көңіл жылуын және жақындары мен туғандарының ортасында ұзақ та бақытты ғұмыр кешуді тіледі.