29 қыркүйек күні Yessenov University-де «AI-Sana» инновациялық бағдарламасын жүзеге асыру аясында «Білім мен индустрия: жасанды интеллект және интеллектуалды экожүйелер» атты форум өтті. Бағдарлама Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жасанды интеллект саласында мамандар даярлауға бағытталған.
Форумның басты оқиғаларының бірі Yessenov University мен «МӨЭК» АҚ арасындағы дуалды білім беру жүйесін енгізу бойынша ынтымақтастық туралы үшжақты келісім-шартқа қол қою болды.
Шарт аясында Yessenov University-нің «Автоматтандыру және басқару» мамандығы бойынша 7 студенті «МӨЭК» АҚ базасында дуалды бағдарлама форматында оқытылады.
Форум барысында «Білім мен индустрия синергиясы: кадр даярлаудың жаңа мүмкіндіктері» атты пленарлық сессиясында «МӨЭК» АҚ-ның корпоративтік оқыту орталығының басшысы Елімай Қозибағарқызы сөз сөйлеп, білім беруге тәжірибеге бағдарланған тәсілдің маңыздылығын атап өтіп, өңірдің энергетика саласында цифрлық технологияларды енгізу перспективаларын айтты.
«Дуалды оқыту студенттер үшін өте пайдалы. Дуалды оқыту жүйесі білім беру ұйымдарындағы теориялық оқытудың 40%-ын және өндірістегі оқу тәжірибесінің кемінде 60%-ын қамтиды. Дуалды оқытудың басты мақсаты өндірісте жұмыс істеу дағдысы қалыптасқан түлекті даярлау. «МӨЭК» АҚ мекемесінде дуалды оқытудан өткен студенттерге арнайы сертификат пен ұсыныс хат беріледі. Бұл олардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін айтарлықтай арттырады», - деді Елімай Қозибағарқызы.
Сондай-ақ, форумға мемлекеттік органдардың өкілдері, IT-компаниялар, индустриялық серіктестер, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері де қатысты. Қатысушылар жасанды интеллект саласында кадрларды даярлаудың жаңа тәсілдерін, сондай-ақ университет пен индустрия арасындағы ынтымақтастықтың тиімді тетіктерін талқылады.