
11-15 ақпан аралығында Астанадағы EXPO халықаралық көрме орталығында «Жұмысшы мамандықтар қаласы» республикалық фестивалі өтті. Іс-шараны Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі ұйымдастырды. Фестивальдің мақсаты – жұмысшы мамандықтарын дамыту және танымал ету, сондай-ақ болашақ мамандардың, жұмыс берушілердің және білім беру мекемелерінің өзара іс-қимылына арналған платформа құру.
Фестивальге Қазақстанның ірі компаниялары қатысты. Іс-шараға Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген әріптестерімен тәжірибе алмасу мақсатында «МӨЭК» АҚ Корпоративтік оқыту орталығының басшысы Елімай Қозыбағарқызы қатысты.
- Фестиваль аясында алынған тәжірибе мен білім «МӨЭК» АҚ қызметкерлерінің кәсіби құзыреттіліктерін арттыру және нарықтың заманауи талаптарына бейімдеу арқылы оқытуда белсенді түрде қолданылатын болады, - деп атап өтті Елімай Қозыбағарқызы.
Фестиваль бағдарламасы мұнай және энергетика өнеркәсібі бойынша түрлі семинарларды, мамандықтар шеруін, бос жұмыс орындары жәрмеңкесін, стартаптар таныстырылымын, машина жасау бойынша шеберлік сыныптарын, сондай-ақ халықаралық аккредиттелген колледждердің тренингтерін қамтыды. Фестиваль ауқымды деңгейде өткізіліп, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға бағытталды.
«Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі Қазақстан Республикасының Президенті 2025 жылға жариялаған Жұмысшы мамандықтарының жылы аясындағы маңызды бастама болды. Іс-шара кәсіптік білім беруді дамытуға, жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыруға және жастар үшін жаңа мүмкіндіктер жасауға ықпал етеді.