«МӨЭК» АҚ КЕО БАСШЫСЫ КӘСІБИ БІЛІМ БЕРУДІ ДАМЫТУҒА ҚОСҚАН ҮЛЕСІ ҮШІН АЛҒЫС ХАТТАРМЕН МАРПАТТАЛДЫ

21 қазанда Нұрлыхан Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжінде «Caspian Automation» білім беру-өндірістік кластерінің салтанатты ашылуы өтті. Жаңа кластер өңір экономикасына қажетті мамандарды даярлау үшін білім беру жүйесі мен өндірістік сектордың мүмкіндіктерін біріктіруге бағытталған.

Іс-шараға Қазақстан мен Өзбекстанның техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының басшылары мен оқытушылары, өңірлік басқармалардың және жетекші кәсіпорындардың өкілдері қатысты. Аталған шараларға «МӨЭК» АҚ Корпоративтік оқыту орталығының басшысы Елімай Қозибағарқызы да қатысты.

Іс-шара аясында «Білім беру, технологиялар және өндіріс серіктестігі» тақырыбында пленарлық сессия өтті. Қатысушылар білім беру ұйымдары мен кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастықты дамытуды, білікті кадрларды даярлауды, сондай-ақ еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып кәсіби құзыреттіліктерді қалыптастыру тәсілдерін талқылады.

«МӨЭК» АҚ Корпоративтік оқыту орталығының басшысы Елімай Қозибағарқызы «Өндіріс үшін кадрлар даярлау: жұмыс берушінің жаңа талаптары» тақырыбында баяндама жасады.

Өз сөзінде ол қазіргі уақытта өндірістік кәсіпорындардың тұрақты дамуы, еңбек өнімділігін арттыру және технологиялық жаңғырту, ең алдымен, білікті мамандарға байланысты екенін атап өтті. Әсіресе энергетика саласында терең кәсіби білімі, қалыптасқан практикалық дағдылары бар, қауіпсіздік талаптарын сақтайтын және жаңа технологияларды меңгеруге дайын кадрларға деген қажеттілік артып келеді.

«Бүгінгі таңда жұмыс беруші үшін қызметкердің тек дипломы жеткіліксіз. Ең бастысы — алған білімін нақты өндірістік жағдайда қолдана білу, өз бетінше шешім қабылдау, жауапкершілік таныту және үздіксіз кәсіби дамуға ұмтылу. Сондықтан өндіріс үшін кадрлар даярлау — тек білім беру ұйымдарының емес, сонымен бірге жұмыс берушілердің де стратегиялық міндетіне айналып отыр», — деп атап өтті Елімай Қозибағарқызы.

Іс-шараның маңызды бөлігі кәсіби білім беруді дамытуға және колледждер мен өндірістік кәсіпорындар арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға үлес қосқан ұйым өкілдерін марапаттау рәсімі болды.

«МӨЭК» АҚ Корпоративтік оқыту орталығының басшысы Елімай Қозибағарқызына Маңғыстау облысының Білім басқармасы мен «Talap» КЕАҚ атынан Алғыс хаттар табысталды.

Бұл марапаттар компанияның техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарымен ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесін, білім беру бағдарламаларын әзірлеу мен жетілдіруге белсенді қатысуын, сондай-ақ өңірдегі оқу орындары мен кәсіпорындар арасындағы өзара байланысты нығайту бойынша атқарған жұмысын танудың дәлелі болды.