«МӨЭК» АҚ КЕЛЕСІ КҮЗГІ-ҚЫСҚЫ КЕЗЕҢГЕ ДАЙЫНДЫҚТЫ БАСТАДЫ

Қыс маусымының аяқталуымен энергетика саласы үшін маңызды кезең – келесі күзгі-қысқы маусымға дайындық басталады. Осыған орай «МӨЭК» АҚ мамандары 2026–2027 жылдардағы жылыту кезеңіне дайындық жұмыстарын ерте бастап кетті.

Жоспарланған іс-шаралар кешені жоғары жүктемелер кезінде тұтынушыларды сенімді әрі үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз етуге бағытталған.

Дәстүр бойынша жөндеу науқаны 1 сәуірден басталса, биыл жұмыстар мерзімінен бұрын қолға алынып, шамамен алты айға созылады. Қазіргі таңда энергетиктер «Н-2» ВЛ-110 кВ әуе желісінде 2082 дана оқшаулағышты ауыстырды.

Сонымен қатар, Шетпе аудандық электр желілеріндегі «Куйбышево» 35/10 кВ қосалқы станциясында Т-1 күштік трансформаторы жөнделіп, оның оқшаулау сипаттамалары қалпына келтірілді.

«Жөндеу науқанын уақтылы жүргізу апаттық жағдайлардың алдын алуға және энергия жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бағдарлама аясында мамандар қосалқы станциялар мен әуе желілеріне қызмет көрсетіп, жөндеу жұмыстарын жүргізеді, қажетті сынақтар мен өлшеулер орындайды, сондай-ақ релелік қорғаныс пен автоматика жүйелерінің жұмысын тексереді. Бұл шаралардың барлығы экстремалды температура мен жүктеме артқан жағдайда электр желілерінің сенімділігін арттыруға бағытталған», – деді «МӨЭК» АҚ өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы Бауыржан Әбдреев.

2026 жылға арналған жөндеу бағдарламасы аясында жалпы ұзындығы 536,5 шақырым әуе электр желілерін, кернеуі 6/10 кВ болатын 77 трансформаторлық қосалқы станцияны және 35–220 кВ аралығындағы 2 қосалқы станцияны жөндеу жоспарланған.

Сондай-ақ электр желілерінің сенімділігін арттыру үшін 380 ақаулы тірек, тозығы жеткен сымдар және 7 мыңнан астам оқшаулағыш ауыстырылады. Мердігерлік ұйымдар арқылы ВЛ-110 кВ «Л-Плато-1,2», ВЛ-110 кВ «Л-Ж-У-1,2» (ПС «Шығыс Жетібай» тармағы), сондай-ақ ВЛ-35 кВ «Л-ОРС-1,2» желілерінде фарфор оқшаулағыштар заманауи шыны түрлеріне алмастырылады.

Бұдан бөлек, ВЛ-110 кВ желілеріндегі 200 металл тіректі қалпына келтіру жоспарланып отыр.

«Келесі қысқа дайындық – энергетиктер жұмысының маңызды кезеңдерінің бірі. Компания бұл бағытқа ерекше көңіл бөледі. Тұтынушыларды сенімді электрмен қамту – басты басымдық. Сондықтан дайындық жұмыстары қарқынды жүргізіліп, жөндеу бағдарламасы тұрақты бақылауда. Алдағы жұмыстардың нәтижесі өңірдің энергетикалық қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді», – деп қорытындылады Бауыржан Әбдреев.