«МӨЭК» АҚ ЭНЕРГИЯ НЫСАНДАРЫНДА ӨРТ-ТАКТИКАЛЫҚ ОҚУ-ЖАТТЫҒУЛАР ӨТТІ

Бүгін, 5 ақпанда «МӨЭК» АҚ Жетібай АЭЖ аумағында Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаменті ұйымдастырған өрт-тактикалық оқу-жаттығулары өтті.

Оқу-жаттығудың негізгі мақсаты энергетикалық инфрақұрылым объектілеріндегі ықтимал өрттер мен авариялық жағдайларды жою кезінде энергетиктер мен өрт күзеті бөлімшелерінің нақты және жедел іс-қимылдарын пысықтау болды. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету, уақтылы хабарлау және төтенше жағдай кезіндегі іс-қимылдардың дұрыс алгоритмі мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Жаттығу барысында өрт сөндірушілер сонымен қатар объект қызметкерлерімен өзара іс-қимылды пысықтады, қызметтердің бірлескен жұмысқа дайындығын тексерді және энергетикалық объектінің ерекшелігін ескере отырып, шартты өртті сөндірудің ең тиімді әдістерін анықтады.

Энергетиктер мен құтқарушылар белгіленген нормативтер мен қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтай отырып, үйлесімді және кәсіби әрекет етті. Оқу-жаттығу қорытындысы бойынша қойылған міндеттер толық көлемде орындалды. Қатысушылар өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін және нақты қауіп туындаған жағдайда жедел әрекет етуге дайындығын растады.