«МӨЭК» АҚ ЭНЕРГЕТИКАНЫ ЦИФРЛАНДЫРУ САЛАСЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ НЫҒАЙТУДА

«Қазақстан коммуналдық жүйелері» компаниялар тобына кіретін «МӨЭК» АҚ мамандары Schneider Electric компаниясы Тайландта ұйымдастырған Digital Grid Innovation Days 2026 халықаралық форумына қатысты.
«МӨЭК» АҚ делегациясы құрамында - даму басқармасының басшысы Азамат Шангреев және байланыс қызметінің және диспетчерлік технологиялық басқарманың басшысы Батырбек Айжігітов.
Компания өкілдері Schneider Electric халықаралық компаниясының Digital Utility сегментінің өнімдері мен сервистерін қоса алғанда, электр желілік кешенді цифрландыру саласындағы инновациялық әзірлемелерімен және технологиялық шешімдерімен танысты. Электрмен жабдықтау сенімділігін арттыру, желілерді басқаруды автоматтандыру, энергетикалық инфрақұрылым объектілерін цифрлық мониторингтеу және диспетчерлеу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Бұдан басқа, электр энергетикасы объектілерін пайдаланатын шетелдік электр желілік компаниялар мен ұйымдардың өкілдерімен жұмыс кездесулері өтті. Сонымен қатар мамандар Таиландтың жетекші электр желісі компаниясы — Provincial electricity Authority (PEA) бас диспетчерлік орталығына барды.
Айта кеткен жөн, «МӨЭК» АҚ Қазақстанның энергетика саласын цифрландырудың бастауында тұрған компаниялардың қатарына кіреді. 2008 жылы компания елімізде алғашқылардың бірі болып электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесін (АСКУЭ) жүйелі түрде енгізуге кірісті.
Халықаралық алаңда алынған тәжірибе Маңғыстау облысының энергетикалық кешенінде цифрлық технологияларды одан әрі дамыту және тұтынушыларға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру үшін қосымша серпін болады.