
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында «МӨЭК» АҚ-тың ер-азаматтары компанияда еңбек етіп жүрген әйел әріптестерін мерекемен құттықтады. Осыған орай компанияның акт залында игі дәстүрге айналған салтанатты кездесу өтті. Мұндай шаралар Қоғамның корпоративтік мәдениетінің маңызды бөлігіне айналып отыр.
Жиын барысында компания басшылығы энергетика саласының дамуына әйел мамандардың қосып отырған үлесін ерекше атап өтті.
««МӨЭК» АҚ құрамында энергетика сияқты жауапты әрі күрделі салада ерлермен қатар табысты еңбек етіп жүрген көптеген білікті әйел мамандар бар. Стресске төзімділік, талапшылдық, жедел шешім қабылдай білу және салқынқанды болу – нағыз кәсіпқойға тән қасиеттер. Бүгінде әйелдер бұл салада өз орнын айқындап, оның тұрақты дамуына зор үлес қосып келеді.
Барлық ер-азаматтардың атынан сіздерді Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Біз сіздердің еңбектеріңізді жоғары бағалаймыз және әрдайым мақтан тұтамыз. Сіздер өңірдің энергетикалық жүйесінің сенімді әрі тиімді жұмыс істеуіне елеулі үлес қосып келесіздер. Адал еңбектеріңіз бен кәсібиліктеріңіз үшін алғыс білдіремін.
Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке, кәсіби табыс және отбасыларыңызға амандық тілеймін. Әр шаңырақта әрдайым жылулық, татулық пен өзара түсіністік орнасын», – деді «МӨЭК» АҚ Басқарма төрағасы Қасымхан Сыздықов.
Мерекелік кеште ер-азаматтар әріптестеріне арнап ән мен биден тұратын концерттік бағдарлама ұсынды.
Шара соңында әйел қызметкерлерге кәсіби адалдығы мен компанияның дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдіріліп, естелік сыйлықтар табыс етілді. Жылы лебіздер мен көтеріңкі көңіл-күй бұл күнді ұжым үшін шынайы мерекеге айналдырды.







