«МӨЭК» АҚ-ДА ИНТЕГРАЦИЯЛАНҒАН МЕНЕДЖМЕНТ ЖҮЙЕСІ БОЙЫНША ІШКІ АУДИТОРЛАР ДАЯРЛАНДЫ

«МӨЭК» АҚ-да интеграцияланған менеджмент жүйесі (ИМЖ) шеңберінде ішкі аудиторларды даярлауға арналған мамандандырылған оқу бағдарламасы өтті. Үш күнге созылған оқу курсы компания қызметінің негізгі бағыттарын — сапа, экология, еңбекті қорғау және энергия тиімділігін қамтитын халықаралық стандарттар талаптарына (ISO 9001:2018, ISO 14001:2015, ISO 45001:2018 және ISO 50001:2018) сәйкес ұйымдастырылды.

Оқытуға кәсіпорынның 20 қызметкері қатысты. Бағдарлама қорытындысы бойынша барлық тыңдаушылар қорытынды аттестаттаудан сәтті өтіп, 18 наурыз күні олардың біліктілігін растайтын халықаралық үлгідегі сертификаттар табысталды.

Оқу бағдарламасын «Қазақстандық сапа ұйымы» ЖШС-нің тәжірибелі оқытушысы Сәуле Шоқаева жүргізді. Ол қатысушыларды менеджмент жүйелері саласындағы халықаралық стандарттардың жаңартылған талаптарымен таныстырып, тәжірибелік бағыттағы білім берді.

Бағдарламаның негізгі мақсаты — қызметкерлердің ішкі аудит жүргізу, процестерді бағалау және компания қызметінің белгіленген талаптарға сәйкестігін қамтамасыз ету бағытындағы кәсіби дағдыларын дамыту. Оқу барысында тәуекелдерді айқындау, оларды басқару және процестерді үздіксіз жетілдіру тәсілдеріне ерекше назар аударылды.

Оқыту аясында қатысушылар:

• ішкі аудит жүргізудің қағидаттары мен заманауи тәсілдерін;

• интеграцияланған менеджмент жүйесінің халықаралық стандарттары талаптарын;

• сәйкессіздіктерді анықтау және жетілдіру мүмкіндіктерін айқындау әдістерін;

• аудит нәтижелерін құжаттау және есептілік дайындау тәртібін;

• нақты өндірістік жағдайларға негізделген практикалық кейстерді жан-жақты меңгерді.

Игерілген білім мен дағдылар мамандарға ішкі аудит құралдарын тәжірибеде тиімді қолдануға, басқару шешімдерінің сапасын арттыруға және ішкі бақылау жүйесін күшейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл оқыту компанияда үздіксіз жетілдіру мәдениетін қалыптастырып, бизнес-процестердің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға ықпал етеді.

Бағдарлама қатысушыларының айтуынша, алынған құзыреттер тек сәйкессіздіктерді дер кезінде анықтауға ғана емес, сонымен қатар процестерді оңтайландырудың нақты шешімдерін табуға, кәсіпорын қызметінің тиімділігі мен тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.