«МӨЭК» АҚ-ДА ҚАЗАҚСТАННЫҢ ОҚУ ОРЫНДАРЫНЫҢ ҚАТЫСУЫМЕН FORESIGHT ӨТТІ

«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында, 25 сәуірде «МӨЭК» АҚ-да «Болашақ энергетиктің құзыреттілігін трансформациялау» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті. Іс-шара энергетика саласының, білім беру мекемелері мен мемлекеттік органдардың негізгі өкілдерінің басын қосты.

Пікірсайысқа «МӨЭК» АҚ мамандары, Н.Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжінің, «Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті» КЕАҚ өкілдері, Республикалық ардагерлер қауымдастығының мүшелері, Маңғыстау облысының білім басқармасы мен энергетика басқармасының, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының, еңбек мобильдігі орталығының өкілдері, сондай-ақ ата-аналар комитетінің белсенді мүшелері мен қоғамдық ұйымдар қатысты.

«МӨЭК» АҚ Корпоративтік оқыту орталығының басшысы Елімай Қозыбағарқызы атап өткендей, кездесудің негізгі міндеті энергетикадағы кәсіби құзыреттілікке қойылатын заманауи талаптарды анықтау мен бәсекеге қабілетті мамандарды даярлаудың тетіктерін іздестіру болды.

«Бүгінгі таңда бұрын-соңды болмағандай, болашақта энергетика саласының мамандары қандай болуы керектігін түсіну маңызды. Біз инновациялар мен жылдам өзгерістер дәуірінде өмір сүріп жатырмыз және біздің міндетіміз — білім мен саланың нақты қажеттіліктері арасындағы көпірді құру. Барлық мүдделі тараптардың диалогы арқылы ғана біз кадрларды даярлаудың тұрақты және прогрессивті жүйесін құра аламыз», — деп атап өтті Елімай Қозыбағарқызы.

Дөңгелек үстелге қатысушылар Жұмысшы мамандықтар жылына ерекше назар аударды. Бұл бастама практикалық дағдыларды дамытуға, жұмысшы және техникалық мамандықтарды танымал етуге, сондай-ақ энергетика саласындағы мамандықтар туралы қоғамда оң пікір қалыптастыруға бағытталған.

Дөңгелек үстел тек пікір алмасу орны ғана емес, сонымен қатар нақты шешімдер шығару алаңына айналды. Қатысушылар оқу процесіне жаңа тәсілдерді енгізу, тәжірибеге бағытталған дайындықты кеңейту және оқу орындары мен энергетикалық компаниялар арасында бірлескен жобаларды жасау мүмкіндіктерін талқылады.