
Ақтауда 2024 жылғы 5-6 қарашада тарату желілерін пайдалану бойынша жедел-жөндеу персоналы арасында кәсіби шеберлік жарысы өтеді. Жарыс «Маңғыстау өңірлік электртораптық компаниясы» АҚ оқу-жаттығу полигонында өтеді.
Үздік мамандар атағы үшін «МӨЭК» АҚ-ның 6 электрмонтер бригадасы: Өзен ЭЖА, Ақтау ЭЖА, Шетпе ЭЖА, Жетібай ЭЖА және Бейнеу ЭЖА күресетін болады. Кәсіби шеберлік жарыстары электр техникалық персоналдың қауіпсіз жұмыс істеу дағдыларын пысықтау, еңбек өнімділігін арттыру және мамандар арасында тәжірибе алмасу мақсатында өткізіледі.
Жарыс барысында командалар жұмыстарды орындаудың заманауи әдістері мен тәсілдерін көрсетеді, бұл қызметкерлердің біліктілігін арттыруға бағытталған маңызды қадам болады. Қатысушылар баллдық жүйе бойынша бағаланатын жеті кезеңнен өтуі тиіс. Тапсырмаларға зардап шегушіні электр тогының әсерінен босату және дәрігерге дейінгі көмек көрсету, сондай-ақ электр жабдығын жөндеумен және қызмет көрсетумен байланысты технологиялық жұмыстар кіреді.
Электрмонтерлер қауіпсіздік техникасы, техникалық пайдалану және өрт қауіпсіздігі ережелері бойынша өз білімдерін көрсетеді. Барлық тапсырмалар энергетиктердің күнделікті жұмысына тән элементтерден тұрады. Кезеңдерді орындау кезінде міндеттерді тез әрі нақты шешіп қана қоймай, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғаудың барлық ережелерін сақтау қажет. Осы нормалардың сақталуын судьялардың тәжірибелі командасы қадағалайтын болады.
Қазіргі уақытта полигонда алдағы жарыстарға дайындалып жатқан «МӨЭК» АҚ ЭЖА мамандары арасында жаттығулар белсенді өтуде.
Бейнеде Өзен ЭЖА бригадасы зардап шегушіні электр тогының әсерінен босатуды пысықтайды. Қатысушылар алғашқы көмек көрсету және зақымдану аймағынан адамды қауіпсіз шығару дағдыларын көрсетеді. Бұл жаттығулар дайындықтың маңызды бөлігі болып табылады, себебі электрмонтерлерге төтенше жағдайларда тиімді әрекет етуге және жұмыс орнында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көмектеседі.