«МӨЭК» АҚ АҚШҰҚЫР АУЛЫНДА ЭЛЕКТР БЕРУ ЖЕЛІСІНІҢ 105-ТЕН АСТАМ ЕСКІ АҒАШ ТІРЕКТЕРІН ЖАҢА ТЕМІРБЕТОН ТІРЕКТЕРГЕ АЛМАСТЫРУДА

Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылында «МӨЭК» АҚ ауылдық электр желілерін жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстарды бастады. Энергетиктер электр беру желісінің (ЭЖЖ) ескі ағаш бағаналарын жаңа темір бетон тіректерге ауыстыру жұмыстарына кірісті. Жөндеу науқаны аясында ЭЖЖ 106 тірегін алмастыру жоспарланып отыр.

Ондаған жылдар бойы пайдаланылып келген ескі тіректер ауыстыруды қажет етеді. Энергетиктердің айтуынша, олардың көпшілігі жекеменшік тұрғын үйлердің жаппай құрылысы басталғанға дейін орнатылған және қазіргі уақытта ауыл тұрғындарының жер учаскелері аймағында орналасып қалған, бұл  жағдай тұрғындарға да, электр желілеріне қызмет көрсететін мамандарға да қолайсыздықтар туғызуда.

– Ағаш тіректердің көпшілігі жеке үйлер салынбай тұрып тұрып орнатылған. Соның салдарынан бүгінде біздің тіректеріміз ауыл тұрғындарының жер телімдерінің ішінде қалып қойған, бұл барлық нормативтерге қайшы келеді. Енді біз барлық тіректерді көшенің бойымен бір қатарға орнатып, ауылдық электр желілерінің сыртқы келбетін бірыңғай стильге келтіреміз әрі тұрғындардың жайлылығын айтарлықтай арттырамыз, – деді «МӨЭК» АҚ Ақтау ЭЖА бас инженері Ерлан Нариков.

Жаңа темірбетон тіректердің беріктігі жоғары және ауа райының түрлі қолайсыз жағдайларына төзімділігімен ерекшеленеді, бұл өз кезегінде электрмен жабдықтаудың тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді. Ерлан Нариковтың айтуынша, атқарылып жатқан жұмыстар тек ЭЖЖ сенімділігін арттыру ғана емес, сондай-ақ 2025–2026 жылдардың күзгі-қысқы мезгіліне дайындық үшін жүргізілуде, өйткені бұл кезеңде энергия жүйесіне түсетін жүктеме айтарлықтай артады.

Ақшұқыр ауылының әкімі Жәнібек Еркебұлан замануи көше шамдарын тікелей электр беру желілерінің бағаналарына орнату маңызды шаралардың бірі екенін атап өтті. Оның сөзінше, барлық жұмыстар аяқталғаннан кейін ауыл көшелері түнгі уақытта толық жарықпен қамтамасыз етіледі.

– 1982 жылы орнатылған ағаш тіректер ескіріп, тұтынушылардың қазіргі жүктемесіне төтеп бере алмай отыр. Электр беру желісінің жаңа тіректерін орнатып, кабельдерді ауыстырған соң, ауыл тұрғындарын электрмен жабдықталу мәселесі толығымен шешіледі. Ауылда 15 мыңға жуық адам тұрады. Соңғы үш жылдың ішінде ескі ағаш тіректер кезең-кезеңімен заманауи және мықты темір-бетон бағаналарға ауыстырылуда. Биылғы жылы бұл жұмыстар үш көшеге жүргізілді, – деді әкім.

Ауыл тұрғындары энергетиктерге атқарған жұмыстары және өмір сүру жағдайларын жақсартуға қосқан үлестері үшін алғыстарын білдірді.

— Біз осындай өзгерістерді көптен күттік. Энергетиктердің ескі, қисайып қалған тіректерді ауыстыруға кіріскеніне қуаныштымыз. Жарық – өмірдің белгісі. Әр үйде жарық болсын, мамандардың еңбегіне көп рақмет! – деп өзі пікірімен бөлісті жергілікті тұрғын.

Бұл шаралар ауыл тұрғындары үшін өте маңызды, өйткені тұрақты электрмен жабдықтау олардың өмір сүру деңгейіне тікелей әсер етері сөзсіз.

—  Бұл біз үшін шынымен де маңызды. Электр жарығының тұрақты болуы, бұл – үйлердің жарығы ғана емес, сонымен қатар тұрмыстық техниканы, жылыту құралдарын пайдалану, қалыпты жұмыс істеп, өмір сүру, - деп атап өтті ауыл тұрғыны.

Барлық жаңа тіректер орнатылғаннан кейін, энергетиктер электр желісін толық техникалық тексеруден өткізеді, сондай-ақ электр энергиясының үздіксіз берілуін қамтамасыз ету үшін, тозығы жеткен сымдар мен жабдықтарды ауыстырады.

Сонымен қатар «МӨЭК» АҚ энергетиктері биыл Қызылтөбе ауылындағы ағаш тіректерді ауыстыруды жоспарлап отыр.