«МӨЭК» АҚ — МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ «ЖАСЫЛ» ЭНЕРГЕТИКАСЫН ДАМЫТУДАҒЫ СЕНІМДІ СЕРІКТЕС

Маңғыстау облысы — Қазақстандағы жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) дамыту үшін ең жоғары әлеуетке ие өңірлердің бірі. Күннің мол болуы мен қолайлы жел жағдайлары заманауи жел және күн электр станцияларын салуға зор мүмкіндік береді. Дегенмен, мұндай нысандардың сәтті әрі үздіксіз жұмыс істеуі сенімді электр желілік инфрақұрылымсыз мүмкін емес.

«Қазақстандық коммуналдық жүйелер» (ҚКЖ) компаниялар тобына кіретін ««МӨЭК» АҚ дәл осы міндетті тиімді жүзеге асырып келеді. Компания жаңартылатын энергетика нысандарын өңірдің электр желілеріне технологиялық тұрғыдан қосуды қамтамасыз етіп, олар өндірген электр энергиясын тұтынушыларға жеткізуге толық жағдай жасайды.

ЖЭК-тің жеті нысаны ««МӨЭК» желілері арқылы жұмыс істеп тұр

Бүгінгі таңда «МӨЭК» АҚ желілеріне жалпы белгіленген қуаты 185,6 МВт болатын жаңартылатын энергетиканың жеті нысаны қосылған.

Олардың қатарында төрт жел электр станциясы (ЖЭС) бар:

  • «Форт-Шевченко» ЖЭС — 43,6 МВт;
  • «Sarkulmas Kuat» ЖЭС — 50 МВт;
  • «Сервис» ЖЭС — 10 МВт;
  • «Ақшуқыр» ЖЭС — 5 МВт.

Сондай-ақ компания желілеріне үш күн электр станциясы (КЭС) қосылған:

  • «Жаңаөзен» КЭС — 55 МВт;
  • «Stellar Energy» КЭС — 20 МВт;
  • «Батыр» КЭС — 2 МВт.

Бұл нысандардың әрқайсысы экологиялық таза электр энергиясын өндіреді, ал «МӨЭК» мамандары оның өңірлік электр желілері арқылы сенімді тасымалдануын қамтамасыз етеді.

Жобалаудан бастап желіге қосуға дейін

«МӨЭК» компаниясының «жасыл» энергетиканы дамытуға қатысуы тек желілерді пайдаланумен шектелмейді. Кәсіпорын мамандары жобаларды барлық кезеңде — техникалық шешімдерді әзірлеуден бастап, құрылыс пен «МӨЭК» АҚ электр желілеріне технологиялық қосуға дейін толық сүйемелдейді.

«МӨЭК»-тің тікелей қатысуымен мынадай жобалар іске асырылды:

  • Жетібай кенті ауданындағы қуаты 50 МВт жел электр станциясы;
  • Шетпе кенті ауданындағы қуаты 20 МВт күн электр станциясы;
  • Жетібай кен орнындағы қуаты 25 МВт газ-поршеньді электр станциясы.

Бұдан бөлек, компания өңірдегі ең ірі энергетикалық жобалардың бірі — Жаңаөзен қаласындағы жалпы қуаты 247 МВт болатын гибридті электр станциясының құрылысына қатысуда. Ол жел (77 МВт), күн (50 МВт) және газ-поршеньді (120 МВт) генерацияны бір жүйеге біріктіреді.

«Жасыл» энергия көлемі артып келеді

Жыл сайын ЖЭК нысандарынан «МӨЭК» желілері арқылы тасымалданатын электр энергиясының көлемі өсіп келеді.

Егер 2025 жылы компания желілері арқылы жел және күн электр станциялары өндірген 244,5 млн кВт·сағ электр энергиясы тасымалданса, 2026 жылдың тек бірінші жартыжылдығында бұл көрсеткіш 261,6 млн кВт·сағ-қа жетті.

Желілер жаңа жобаларға дайын

Жаңартылатын энергетиканы дамыту үдерісі жалғасуда. Қазіргі уақытта Құрық ауылының маңында қуаты 100 МВт болатын жаңа жел электр станциясын қосуға Жүйелік оператормен келісілген техникалық шарттар бар.

Бұл таяу жылдары «МӨЭК» желілері арқылы тасымалданатын экологиялық таза электр энергиясының көлемі әрі қарай артатынын және компания Маңғыстау облысының энергетикалық дамуындағы басты қатысушылардың бірі болып қала беретінін білдіреді.

Жаңартылатын энергия көздерін дамыту — бұл экологияға қосылған үлес қана емес, сонымен бірге өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін арттырудағы маңызды қадам. «МӨЭК» АҚ электр желілік инфрақұрылымды жүйелі түрде жаңғыртып, заманауи технологияларды енгізеді және энергетика жүйесінің сенімді жұмысын қамтамасыз етеді. Осылайша, «жасыл» генерацияның жаңа нысандарын қосуға және Маңғыстау облысының орнықты дамуына барлық жағдай жасайды.