
Маңғыстау облысы бойынша «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасында «Кәсіби маман» республикалық байқауының өңірлік кезеңі өтті, аталмыш байқау Жұмысшы мамандықтары жылы аясында ұйымдастырылды.
Байқаудың басты мақсаты — жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеру, сондай-ақ өндірістегі тәлімгерлік жүйесін дамыту. Бұл — ел экономикасына үлес қосып жүрген мамандардың еңбегін мойындап, жастар арасында өндірістік мамандықтарды насихаттауға бағытталған маңызды қадам.
Арнайы конкурстық комиссия жұмысының қорытындысы бойынша Маңғыстау облысының жеңімпаздарының қатарына:
«Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Әділбек Қозыбақов айтуынша, байқаудың республикалық кезеңі күзде, қыркүйек-қазан айларында Астана қаласында өтеді және оны «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырады.
«МӨЭК» АҚ-ның Корпоративтік оқыту орталығының басшысы Елімай Қозыбағарқызының еңбегі де ерекше атап өтілді. Ол бірнеше жылдан бері өндірістегі тәлімгерлік жүйені дамытуға, корпоративтік оқыту бағдарламаларын енгізуге және жас мамандарды бейімдеуге зор үлес қосып келеді.
«Бұл марапат — мен үшін үлкен мәртебе. Тәлімгерлік дегеніміз — жай ғана тәжірибе беру емес, ол — сенімді, жауапкершілігі жоғары кәсіби маманды тәрбиелеу. Біз жас мамандардың қателесуден қорықпай, еркін сұрақ қойып, дамуына жағдай жасауға тырысамыз. Нағыз мамандар осылай ғана қалыптасады деп сенемін», — деді Елімай Қозыбағарқызы.
«Кәсіби маман» байқауы — өндірісте күн сайын еңбек етіп жүрген, жаңашылдық енгізіп, кәсібилік мәдениетін қалыптастырып, жас буынға жол ашып жүрген мамандарды қолдауға арналған маңызды алаңға айналды.