«МӨЭК» АҚ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ АҚТАУДАҒЫ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ЖАРЫСЫНА ҚАТЫСТЫ

 

1 маусымда Ақтау қаласында Жұмысшы мамандықтар жылына орайластырылған «Munaily Marathon – 2025» жүгіруден қайырымдылық жарысы өтті. Бұл ауқымды спорттық шара 1000-нан астам қатысушыны – белсенді азаматтарды, өңірдің ірі кәсіпорындарының қызметкерлерін және жай ғана салауатты өмір салтын ұстанатын жандарды біріктірді.

Марафонның мақсаты – әлеуметтік маңызды мәселелерге назар аударту, қайырымдылық бастамаларын қолдау, сондай-ақ дене белсенділігі мен салауатты өмір салтын насихаттау. Марафон аясында жиналған барлық қаражат ауыл мектептері мен балабақшаларының спорт залдарын жарақтандыруға бағытталады. Атап айтқанда, балалардың физикалық дағдыларын дамытып, спортқа ерте жастан баулу үшін, теннис үстелдері мен өзге де қажетті спорт жабдықтарын сатып алу жоспарланып отыр.

Марафонға қатысушылар қатарында «Маңғыстау өңірлік электртораптық компаниясы» АҚ («МӨЭК» АҚ) өкілдері де болды. Компанияның энергетиктері іс-шарада ұйымды лайықты түрде таныстырды. Коммерциялық диспетчерлеу қызметінің коммерциялық диспетчері Медет Темірланов, Метрология қызметінің маманы Аманжол Кенган және ЭКЕАЖ бөлімінің бас маманы Ербол Тауасаров қашықтықты ойдағыдай еңсеріп, ортақ игі іске өз үлестерін қосты.

Бұл «МӨЭК» АҚ қызметкерлерінің әлеуметтік және қайырымдылық бастамаларға алғашқы қатысуы емес. Компания қызметкерлері дәстүрлі түрде белсенді өмірлік ұстанымын танытып, дене шынықтыру мен салауатты өмір салтын насихаттауды қолдайды, сондай-ақ өңірді дамыту мен тұрғындарды қолдауға бағытталған іс-шараларға белсене қатысады.

«МӨЭК» АҚ өз қызметкерлеріне бастама көтеріп, ынта-жігер танытқаны үшін және ортақ іске өз үлесін қосуға дайын болғаны үшін алғыс білдірді.