«МӨЭК» АҚ ҚЫСҚА ДАЙЫНДЫҚ ПАСПОРТЫН АЛДЫ

«Маңғыстау өңірлік электртораптық компаниясы» АҚ 2025–2026 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңге дайын екендігін тағы да дәлелдеп, электр энергиясын сенімді жеткізуші мәртебесін растады. Кәсіпорынды алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындау жөніндегі жөндеу бағдарламасы 100% деңгейде сәтті аяқталды.

Қажетті дайындық шараларының сапалы әрі уақытылы орындалғанын растайтын Қысқы дайындық паспорты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті тарапынан 2025 жылдың 1 қазан күні берілді.

– Қысқы дайындық паспортының алынуы – біздің кәсіпорынның алдағы күзгі-қысқы кезеңнен сәтті өтуге толық дайын екенін білдіреді. Біз өңір тұтынушыларын, жүктеме артқан жағдайдың өзінде де, сенімді әрі үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз етуге дайынбыз. Барлық іс-шаралар бекітілген кестеге сәйкес және жоғары сапада орындалды. Біз жүйелі түрде желілік инфрақұрылымды нығайтып, оның тұрақтылығы мен сенімділігін арттырып келеміз, – деді «МӨЭК» АҚ-ның бас инженері Арқабай Тастанов.Еске салсақ, 2025 жылғы 1 сәуірден бастап «МӨЭК» АҚ энергетиктері алдағы күзгі-қысқы кезеңге электр желісі нысандарын дайындау жұмыстарын белсенді түрде бастады.

Жөндеу бағдарламасы аясында «МӨЭК» АҚ мамандары 527,5 шақырым әуе электр желісін, 106 жиынтық трансформаторлық қосалқы станцияны (6/10 кВ) жөндеуден өткізді.

Электр желілерінің сенімділігін арттыру мақсатында 400 ақаулы тірек пен тозығы жеткен сымдар ауыстырылды. Ұзақ жылдар пайдаланылған шамамен 6 мың дана фарфор изоляторы жаңа шыны изоляторларға алмастырылды.

Сондай-ақ бірқатар жоғары кернеулі желілерде жұмыстар атқарылды: Л-Карамандыбас-1,2, Л-Глинзавод-1,2, Л-Саускан, Л-Тенге-1,2 және Л-КС-Өзен-1,2. Бұл өңірдің энергожүйесінің ең жоғарғы жүктеме кезінде тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді. Қосымша түрде энергетиктер жоғары кернеулі желілердің 176 тірек тұғырын (подножник) жөндеді. Бұл да желілік инфрақұрылымның сенімділігін күшейтуге ықпал етеді.